Қазақстан БАӘ-ге алғаш рет авиаэкспреспен ет экспорттады

07.04.2020 22:33

Қазақстандық ет өндірушілер Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығын игеруге тырысып отыр

Ашық дереккөз

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне 22 тонна салқындатылған етті экспортқа шығарды. Бұл жайында ҚР Сауда және интеграция министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Сауда және интеграция министрлігі Біріккен Араб Әмірліктерінің Елшілігімен бірлесіп, БАӘ-ге алғашқы экспорттық авиаэкспресс ұйымдастырды. Авиаэкспресспен Абу-Дабиге Қазақстанда өндірілген салқындатылған 12 тонна қой еті мен 10 тонна сиыр еті жөнелтілді», - делінген таратылған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, қазақстандық ет өндірушілер Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығын игеруге тырысып отыр. Жалпы, ол елде қазақстандық өнімдер экологиялық таза әрі дәмдік сапасы жоғары болғандықтан бағаланады.

Алайда, логистиканың күрделілігі, сондай-ақ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерінің Стандарттау және метрология институты қабылдаған «халал» стандарты негізінде өнімге сәйкестікті растау рәсімдерінің ұзақтығы қазіргі уақытқа дейін араб нарығына шығуға елеулі кедергі болып келген.

«Қазақстандық ет БАӘ-нің Лулу, Карфур, Юнион кооперациясы сынды барлық ірі сауда желілеріне жеткізіледі», ̶ деді Біріккен Араб Әмірліктерінің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммад Ахмад аль-Джабер. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұған дейін қазақстандық етті экспортқа тасымалдау үшін көп жағдайда тұрақты жолаушылар рейстері пайдаланылып келген. Ал бұл жолы елімізге Әмірліктерден 13 тоннаға жуық гуманитарлық жүк әкелген ұшақ пайдаланып отыр.