Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға көтерген болатын
Елімізде базалық мөлшерлеме 16,75 пайызға көтерілді. Ұлттық банк мұны инфляцияны төмендетуге, қаржы нарығын тұрақтандыруға бағытталған іс-шара деп түсіндірді. Дегенмен бас банктың төрағасы Ғалымжан Пірматов мөлшерлемені көтеру циклі аяқталуға жақын деп сендіріп отыр. Ставканы көтеруге геосаяси жағдай, азық-түліктің қымбаттауы, сұраныс пен ұсыныстың алшақтап кетуі себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, базалық мөлшерлеменің өсуі іскерлік белсенділікті төмендетеді.
"Бірден айту керек, базалық пайыздық мөлшерлеме 0,75 пайызға ұлғайды. Алдында 16 пайыз болатын, қазір 16,75 пайыз яғни 17 пайызға жуықтады. Бұл өсім - белгілі бір дәрежеде жоғары өсім. Әрине ертең несиелердің барлығы тағы қымбаттайды деген сөз. Бірінші кезекте бұның тұтынушыларға қатты әсері бар деп ойламаймын. Өйткені тұтынушылық несиенің пайызы онсыз да жоғары болған. Бірінші кезекте ол бизнеске әсерін тигізеді. Өйткені бизнеске төмен пайызды несиені алу әлдеқайда тиімдірек. Төмен пайызды несие болса, олар кәсібін де дамыта алатын еді, іскерлік белсенділік те жанданатын еді. Осы жағынан іскерлік белсенділіктің кішкене болса да төмендеуіне ықпал етеді. Ал өз кезегінде экономикалық өсімнің баяулауына, тежелуіне ықпал ететін болады. Бұл - зиянды жақтары. Ал енді оң жағы, бұл депозиттік пайыздық мөлшерлеменің де өсіміне алып келеді. Нәтижесінде депозитте ақша ұстайтындардың пайызы қазір 17 пайыздан асып жатқанын байқап жатырмыз. Бұның барлығы базалық пайыздық мөлшерлеменің өсіміне тікелей байланысты болып отыр. Негізгі мәселелер осы болып табылады", - деді экономист .
Алдағы жылдары мұнай бағасы төмендейді деген болжам айтылып жатыр. Мақсат Халық мұнай бағасының төмендеуі экономикамыздың тежелуіне әкеп соқтыратынын атап өтті.
"Соңғы уақытта Қытайда болып жатқан карантиндік жағдайлар Қытай экономикасының бәсеңдеуіне әкелді. Ол сөз жоқ, өз ретінде мұнай бағасының төмендеуіне де ықпал етіп жатыр. Алдағы уақытта да мұнай бағасы төмендейді деген болжам көп. Бұл экономикамызға тікелей әсері етеді . Егер мұнай бағасы өсетін болса экспортымыз жақсарады, теңге тұрақты болады, экономикамызда өсім болады. Ал енді мұнай бағасы төмендеп жатса, бұл керісінше біздің экспорт әлеуетімізді төмендетеді. Теңгеміздің әлсіреуіне ықпал етеді. Әрине, экономикамыздың тежелуіне де ықпал ететін болады. Негізі мұнай туралы айтқан кезде осы процестерді есімізде ұстауымыз керек", - деп түсіндірді сарапшы.