Банк қарызын кешірген азаматтар «қара тізімге» енбейді

10.09.2019 22:51

Азаматтардың қарызын өтеуге қазынадан 105 млрд. 174 млн. теңге қаржы бөлінді

Ал  «қарыздан құтылдың» деген хабар келмесе, құжаттың  дұрыс болмағаны. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандай адамдардың қарызын мемлекет жауып беретінін тағы бір рет тарқатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Банк алдындағы несиенің жабылғандығы туралы смс хабарлама  алғандар қуанып жатса, енді бірі тағатсыздана күтумен келеді. Алайда қарызы кешірілетін адамдар санатына жатпайтындардың да несиесі  жабылған деген ақпаратты  вице-министр  жоққа шығарды.

Көпбалалы ана Айнұр Ахметова ұялы телефонына «несиеңіз кешірілді» деген хат келгенде өз көзіме өзім сенбедім, дейді. Ол Президенттің «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлығы шықанын естігенмен, аз уақыт ішінде жүзеге асады деп ойламапты.

«Мен баламның жәрдемақысын күтіп отырғанмын. Бір кезде Каспий қосымшасын ашып қарасам, смс-хабарлама келіп тұр. 22 мың теңге жәрдемақы түскен. Және есеп-шотыңызда 134 мың теңге бар дейді. Мен таңғалдым. «Мына телефон менікі ме өзі?», – деп, қайта-қайта қараймын. Бес несиемнің 2-і жабылған. Қалған сома картаға түскен», – дейді Айнұр АХМЕТОВА.  

Мұндай смс хабарлама 507 363 мың қазақстандыққа жіберіледі. Алайда акция басталмай жатып «тізімге енбей қалдым» деп  әлеуметтік желілерде әділдік сұрап жатқандар қаншама.  Олардың қатарында мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін топтар  санатына жататындар да бар.

«Қазіргі қоғамда «неге мен тізімде жоқпын?» деген сұрақтар туып жатыр. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, егер көпбалалы отбасы болса, жұбайы туралы ақпарат ақпараттар базасы болмағандықтан. Бірінші неке қию туралы халық актілері тіркелмеген базада», – дейді ҚР Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана ЖАҚЫПОВА.  

Дегенмен бекітілген бес санатқа қатысы жоқ адамдардың да кредиті жабылған деген ел ішінде қауесет өршіп тұр. Журналистер көтерген бұл мәселені вице-министр жоққа шығарды.  Жағымды жаңалықты естіген жұртшылық күліп кіріп, күңіренткен кредитіміз кешірілер ме екен, деген күпті көңілмен банктерге қарай ағылуда. Бірақ тізімді түзген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі. Ведомство әлі де өтініштерді  қабылдап, өзгертіп жатқандарын айтады. Науқанның белгілі бір аяқталар күні белгіленбеген. Ал, Ұлттық банк болса, мемлекет борышын өтеген адамдар «қара тізімге» ілінбейді деп сендіреді.

«Бұл жерде жеке тұлғаның несиесі үшінші жақтан жабылып отыр. Яғни бұл келеңсіздік тудыратын фактор болып есептелмейді. Сәйкесінше, алдағы уақытта азаматтардың қайтадан несие рәсімдеуіне еш кедергі келтірмейді», – деді ҚР ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег СМОЛЯКОВ.  

Азаматтардың борыш жүктемесін азайту шарасының басты шарты - несие көлемі 3 млн.теңгеден аспауы керек. Егер бір отбасында бірнеше адамның мойнында несие болса, әрқайсысының берешегінің 300 мың теңгесі ғана кешіріледі. Сонымен қатар  несие алушының құжаттары коллекторлық агенттіктерге толығымен берілмей банкте қалса, бір реттік науқанның шарапатын сезінеді. Айта кетейік, азаматтардың банк алдындағы борышын өтеп беру үшін қазынадан  105 млрд. 174 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның 88,5  тікелей инвестициялар қорынан құйылған. Ал, 17 млрд. теңгесіне проблемалық кредиттер қорының аблегациялары саудаланып, оны Ұлттық банк сатып алады.  

Бұдан бөлек қоғамның осал тобына жатпайтын 5 млн. қазақстандықтың несиелері бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бұл топтағы адамдардың өсімпұлдары мен айыппұлдары ғана кешіріледі. Бастысы кепілсіз алынған тұтынушылық несие болуы және қарызды өтеу мерзімі 3 ай немесе одан көп уақыт кешіктірілген болса ғана мемлекет тарапынан өтеледі.