Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау жөніндегі кезекті кеңесте импорт алмастыруды дамытудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 19 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын және ҚР-дағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау жөніндегі кезекті кеңес өтті.
Статистикаға сәйкес, өткен жылғы қорытынды деректер бойынша Қазақстан Республикасына $38,3 млрд сомасына өңдеу өнеркәсібінің өнімдері импортталған. Машина жасау ($16,4 млрд), химия өнеркәсібі ($3,2 млрд), қара металлургия ($2,4 млрд), жеңіл өнеркәсіп ($2,2 млрд), құрылыс материалдарын ($1,4 млрд), түсті металлургия ($679 млн) өнімдері көп көлемде жеткізіледі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ҚР мемлекеттік органдары отандық өңдеу өнеркәсібіне терең талдау жүргізді, соның нәтижесінде оның елеулі әлеуеті анықталып, салалар бойынша бәсекелестік артықшылықтары, сондай-ақ өнеркәсіпті одан әрі дамытудың әлеуетті салалары айқындалды.
Қазіргі уақытта жүргізілген талдау негізінде импорт алмастыру бағдарламасының жобасы әзірленді, оның негізгі мақсаты – импортты қысқарту, экспорттық артықшылықтарды және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Талдау қорытындысы бойынша облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктері өңдеу өнеркәсібі салаларындағы инвестициялық жобалар пулын жасады. Бұл тізімге 88 мың жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру әлеуеті бар жалпы сомасы 13,3 трлн теңгені құрайтын 444 импорт алмастыру жобасы кірді.
Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде ел өңірлерінде 10,8 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 1,4 трлн теңгеге 90 жобаны іске қосу жоспарланған. Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі бір ай ішінде өңірлер бойынша импорт алмастыру бағдарламасын әзірлеп, бекітуді тапсырды.
«Әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты бұл – аса өзекті мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандырып, импорт алмастыратын жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту қажет», – деді Әлихан Смайылов.