Алматыда Президент Жолдауын қолдау мақсатында бейбіт шеру өтті

AMANAT
AMANAT
Шеруге барлық саланың өкілдері қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын қолдау мақсатында AMANAT партиясының қалалық филиалының ұйымдастыруымен бейбіт шеру өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда ұйымдастырылған шараға барлық саланың өкілдері қатысты. Олардың қатарында қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, еріктілер, ғылым мен мәдениет саласының майталмандары, спортшылар, жастар және ел ертеңіне бейжай қарамайтын қала тұрғындары бар. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген AMANAT партиясының мүшелері жаңа сын-қатерлер жағдайында бәріміз бірігіп, Тәуелсіздігімізді қорғау, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу басты парыз екенін алға тартты.

«Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз! Басқа партиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейміз! Ардақты ағайын, Абай атамыздан қалған аманат сөз бар: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан күшіміздің бірлікте екенін көрсетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз!» – деді AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов.

«Біздің партия әрқашан халықпен бірге және халық өз сөзіне берік, уәдесін орындай алатын, уәдесін нық істермен дәлелдей алатын партияны қолдайды. AMANAT сол партия. AMANAT нағыз халықтың партиясы. Ендеше барлығымыз осы кезеңде кешегі Президенттің жолдауында оң өзгерістерді көрдік. Қазіргі заманның талабына сай жауапты көрдік», – деді AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев.

Бейбіт шеруге қатысушылар «Ел мен жер бізге аманат», «Президентпен біргеміз», «Елім үшін қызмет етемін», «Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз» деген ұрандар жазылған транспаранттармен келді. Жиылған көпшіліктің барлығы саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын қолдайтындарын білдірді. Ал профессор, тарихшы Хангелді Әбжанов бабаларымыз бірліктің құдіретін, оны сақтаудың шартын осыдан мың жыл бұрын тасқа қашап жазған дейді. Ғалым сондай-ақ жас буын өкілдерін ыждақатты жұмыс істеуге үндеді.

«Осы үш буынның одағы, бірлігі Президент Қ. Тоқаев айтқан Жолдаудағы міндеттерді шешуге кепілдік береді деп ойлаймын. Өйткені ұрпақтардың бірлігі, сабақтастығы, бірауызды болуы бұл - табыстың, жеңістің кілті. Бірлік бар жерде тірлік бар дейміз. Осы бірлігіміз нығайса, кешегі Қаңтар қасіретінің тағылымынан дұрыс байып шығарсақ, біз ұтылмаймыз», – деді ҚазҰАЗУ профессоры, тарихшы Ханкелді ӘБЖАНОВ.

«Малға сатылған бірлік - антұрғандық деген ұғым. Сондай сөз қалдырған. Сондықтан қадірлі достар, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Еліміздің іші даудан, жеріміздің шеті жаудан аман болғай! Мемлекет басшымыздың күні кеше ел халыққа көңіл серпілтіп жолдаған Жолдауын ел, халық болып, қоғам болып, Үкімет болып, Парламент болып, бірге жүзеге асырайық. Біздің күшіміз бірлікте!» – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан

Айта кету керек, шеруде сөз сөйлегендер қатарында Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Саясат Нұрбек, Динара Зәкиева, қалалық мәслихат хатшысы Станислав Канкуров, журналист Сергей Пономарев пен көпбалалы ана Сана Жандай болды. Ал Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті қазіргі таңда қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, жастардың саны арта түскенін зор мақтанышпен жеткізді.

«Ел мүддесі - ұлтына қарап мәжіліске сайлау емес, ел мүддесіне жұмыс істейтін азаматтарды сайлау. Сондықтан бұл нәрсені дұрыс түсіну керек деп ойлаймын. Екінші мәселе алда бізді үлкен жұмыстар, үлкен белестер күтіп тұр. Сол белестерге жететін сіз бен біз, әрқайсымыз соны өзіміздің бойымыздан өткізіп, түсініп, әрқайсымыздың сол жұмыста орнымызды айқындап алуымыз керек», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожин.

Осылай бейбіт аспан астында жиылған 3 буын өкілінің барлығы бір ауыздан 5 қағидатты берік ұстануға ниетті екендерін білдірді. Ол «Мемлекет, Президент, ел мен жер, партия және жастар» дейді қоғам қайраткерлері. Енді болашақта осы аталған бағыттар бойынша жұмылған жұдырықтай іске кірісіп, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асырумыз ғана қалды дегенді алға тартты. 

Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров