Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар үшін «Google-ге салық» салынады
Қазақстанда көп пәтерлі үйлердің тұрғындарына арналған жер салығы жойылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ, салық элементтерін өзгертпей жеке тұлғалар үшін мүлік пен жерге салынатын салықтар біріктірілетін болады. Бүгін Мәжіліс депутаттары пленарлық отырыстың бірінші оқылымында салық салу және инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Бұдан бөлек көлік салығын төлеу мерзімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанынан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстырылды.
«Жеке тұлғалар үшін мүлік пен жер салығын салық элементтерін өзгертпей біріктіру ұсынылады. Екі салық бірыңғай төлеммен төленеді. Бұл ретте көп пәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын жою ұсынылады. Сондай-ақ, инвестициялық салық несиесін енгізу ұсынылады. Несие Корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы бойынша үш жылға беріледі. Ол пайызсыз болады, бірақ шарттар орындалмаған жағдайда өсімпұл есептеледі», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Сонымен қатар, Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар үшін «Google-ге салық» салынады. Алайда бұл салық қазақстандық төлеушілерге қолданылмайды. Мұндай талап интернет компанияның есепке тұруына және қосылған құн салығын төлеуге ықпал етпек. Ұлттық экономика министрінің сөзінше, бұл халықаралық стандарттарға сай және орташа есеппен Қазақстан бюджетіне 2 млрд. теңге қаражат түседі.