Қазынадағы қаржыны «қылғытқан» лауазымды тұлғалар анықталды

05.06.2024 22:55

Елімізде жарты миллиард теңгеге жуық бюджет ақшасы тиімсіз жұмсалып келген

Almaty.tv

Елімізде жарты миллиард теңгеге жуық бюджет ақшасы тиімсіз жұмсалып келген. Қазынадағы қаражатқа ойланбай қол салғандардың қатарында әкім-қара да, қарапайым азаматтар да бар. Былтырдан бері 130-ға жуық басшы жауапқа тартылған. Мұндай жаға ұстатарлық статистиканы бүгін жоғары аудиторлық палатаның төрағасы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Елде қазынадағы қаржыны ойланбай «қылғытқандар» аз болмай шықты. Мәселен былтырдан бері жүргізілген тексерісте 123 лауазымды тұлғаның былығы әшкере болған. Аудиттегілер түзген тізім мұнымен бітпеді. Тағы 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Ал құқық қорғау органдары есепті кезеңде 28 млрд теңгені қалпына келтірген.

– Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның жауап береді. Қаржы жетпей қалды деп ақтала алмайды. Дегенмен уақытылы орындалу проблемалары әлі де сақталып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 23 жылға көзделген қаражат толық берілді соның 38 пайызы ғана игерілді, – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов.

Жауаптылар бір ғана «жайлы мектеп» жобасына бөлінген қаржының тең жартысын тиімді игере алмаған. Нақтылай айтсақ, 37 жоба уақытында әзірленбепті. Әлихан Смайылов «Алма піс, аузыма түс деп отыратындардың да салғырттығы» деп атап өтті. Ол жоғарыда айтқан миллиондардың өтеуі мен жөнсіз жұмсалған әр тиынның сұрауы болатынын еске салды. Бас аудитор айтқан деректерге Қаржы министрі де қынжылғандай болды.

– 2023 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғары және атқарушы органдардың 158 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 90 пайызы - басшылық құрам, – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Смайылов сұрауы қатаң болады дегендер қатарында басшылық құрам бастаған бюджеттік бағдарламаға жауаптылар бар. Өңірлердегі жұмыс та өрге баспай тұр.

Нақтырақ айтсақ, Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарындағы маңызды жобалар 10 жылдан бері қозғалмаған көрінеді. Сағызша созылған істе әкімдер мен жергілікті жердегі атқамінерлердің салғырттығы себеп болып отыр. Қазынадағы қаржыны қалай болғанда да үнемдеу керек. Бас аудитор сөзінше, үкімет алдағы 2 жылда өткен 10 жылдықтағы шеттен алған қарызды жабуы керек.

Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Мамандар болжамы: 2024 жылы Алматы экономикасы 5,5 % өседі