Әлемде алтын бағасы шарықтап барады. Сары металлдың дәл қазіргі рекордтық көрсеткіші унциясына 1 мың 940 АҚШ долларынан асып түсті. Ең соңғы рет жоғары көрсеткіш 9 жыл бұрын тіркелген еді. Ол кезде алтын 1 мың 911 долларға саудаланған. Ал, бүгінгі қымбатшылыққа не себеп? Және ол Қазақстан үшін тиімді ме? Бұл сұрақтарға экономист Масқат Халық жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазіргі таңда алтын бағасының өсіп жатқандығын көріп отырмыз және тарихтағы рекордтық жағдайдағы бағаның өсуін көріп отырмыз. Бұның негізгі себебі, коронадағдарыстың салдарынан Американың федералды резервтер жүйесі доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін қатты төмендеткен болатын. Ол негізінен американдық құнды қағаздардың пайыздарының түсуіне ықпал етті және де инвесторлар үшін Американың құнды қағаздары қызықты емес. Соңғы уақытта, әсіресе Қытай мен Америка арасындағы саяси шиеленістің орын алуы да бұл қор нарықтарындағы түсініксіз жағдайларға септігін тигізіп отыр. Нәтижесінде қор нарықтарының негізгі индекстері төмендей бастады. Ал, инвесторлар осындай жағдайда әрине бұрыннан бері дәстүрлі түрде құнын сақтап келген сары алтынға инвестиция жасай бастады. Нәтижесінде, алтынның бағасы қатты шарықтап келе жатыр. Бұл Қазақстан үшін оңтайлы әсерін тигізеді. Себебі Қазақстан алтын қоры жөнінен әлемде 15 орында. Сондықтан белгілі бір дәрежеде біздің алтын резерв қорларымыздың құны да, бағасы да артатын болады», – деді Экономист Мақсат Халық.