Қазақстан Ресейден жанармай сатып алуды тоқтатады

12.02.2019 22:58

Вице-министрдің айтуынша, дизель отынының шығарылуына уақытша шектеу үш ай мерзімге бекітілмек

BNews.kz

Қазақстаннан дизель отынын сыртқа шығаруға және Ресей Федерациясынан елімізге бензин әкелуге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің кеңейтілген отырысында Энергетика министрінің орынбасары Болат Ақшолақов мәлімдеді.  

«Біздің елдегі бензин отыны басқа елдермен салыстырғанда аса қымбат емес. Мәселен, бізде литрі 197-198 теңге болса, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерде 250-260 теңге. Тіпті, қазір одан да асады», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Болат АҚШОЛАҚОВ.

Министрдің орынбасары жанар-жағармай экспортына тосқауыл қою үшін тиісті бұйрық дайындалғанын да жеткізді. Аталған бұйрық бойынша дизель отынын біздің шекарадан үш айға дейінгі мерзімге шығаруға тыйым салынады.

Отырыста белгілі болғаны, биылдан бастап елімізде арнайы экспорттық бақылау бекеттері қойылады. Себебі, жанар-жағармай тасымалдайтын цистерналы көліктерді шекарадағы офицерлердің тексеретін құзыреттері жоқ екен. Бұдан бөлек, вице-министр ішкі нарықты толтыру да қолға алынатынын мәлімдеді.

«Біз стратегиялық қорларды құрудамыз. Күн сайын оларды тексеріп отырамыз. АИ-92 маркалы бензин қорын 300 тоннадан кем болмауын қадағалаймыз. Резервуарларда 350 мың тоннадан астамы бар. Биыл бұл көлемнен жоғары, атап айтсам, 500 мың тоннадан асырып өндіруге мүмкіндік барын айтып өткім келеді», - деді Энергетика вице-министрі.