Қазақстан Халықаралық даму банкінен 346 миллион еуро қарыз алады. Несие толығымен бюджет тапшылығын шешуге жұмсалмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заң жобасы бүгін мәжілістің екінші оқылымында мақұлданды. Қаржы министрінің сөзінше, бұл ақша Ұлттық қорға түсетін қаражатты сақтауға мүмкіндік береді.
Қайта құру банкінен алынатын 346 млн еуро бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл ұлттық қорға иек артпай, мемлекеттің әлеуметтік салаларындағы шығыстарды қолдауға арналған. Өтеу мерзімі 11,5 жыл, оның ішінде 2,5 жыл жеңілдік кезеңі. Қаржы министрі тартылатын кредитке қызмет көрсету және өтеу қарыз шартында белгіленген қаржылық шарттарға сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
«Біз дүниежүзілік банкпен жұмыс істеген болатынбыз. Сол кезде олар біздің реформаларға ары қарай жалғасуына көңілі толып жеңілдікпен займ беріп отыр. Бұл займды біз еріккеннен алып отырған жоқпыз. Жалпы бюджеттің тапшылығы деген бар. Сол тапшылықты құнды қағаздар шығару арқылы жабамыз. Ішкі нарық жеткіліксіз. Олар осының бәрін көріп отыр. Сол үшін алып отырмыз», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан