Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында қаланың өнеркәсіптік өндірісі көлемінің төрттен бір бөлігін қамтамасыз ететін, яғни негізгі кәсіпорындар шоғырланған Жетісу ауданының индустриялық әлеуетін бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бақытжан Сағынтаев қағаздан гигиеналық өнім өндіретін «Papirone» жаңа зауытын, «Free style» жиһаз өндіретін цехты, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылған, неміс технологиясымен брусчатка шығаратын және асфальт өндіретін «Алматы жол-құрылыс компаниясы» ЖШС зауытына барды.
Мәселен, осы жылдың басында пайдалануға берілген «Papirone» ЖШС заманауи зауыты қағаздан 1800 тонна гигиеналық өнім өндіретін болады. Қолданылатын технологиялар мен өндірісті автоматтандырудың арқасында өнім әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келеді. Жоба аясында 113 жұмыс орны ашылды.
Бақытжан Сағынтаев «Freestyle» ЖШС жиһаз өндіру зауытында «қарапайым заттар экономикасы» салаларының дамуымен танысты. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді, зауыт жыл сайын 537 млн тг өнімін шығарады. Өндірісте экологиялық таза және қауіпсіз материалдар қолданылады. Бұдан басқа, осы кәсіпорынның айналасында жиһаз кластері құрылды.
Жұмыс сапары барысындағы келесі нысан – «Алматы жол-құрылыс компаниясы» ЖШС неміс технологиясы бойынша асфальт және брусчатка өндіретін зауыт болды. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы» қатысушыларына көрсетілетін қолдау шаралары аясында асфальтбетонды қоспалар, жол және қабырға блоктары өндірісі іске қосылған болатын. Аталмыш кәсіпорын жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін озық технологиялармен жабдықталған.
Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев алматылық өндірушілерді қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Қалада жолдарды, жаяу жүргіншілер және саябақ аймақтарын жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті өнімді пайдалану – сапаны бақылауға және тасымалдау шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.