|
30.09.2021 | 18:17
971

Азық-түлік бағасын қалай ауыздықтауға болады – экономист пікірі

Елімізде азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлары тағы да қымбаттады

Азық-түлік бағасын қалай ауыздықтауға болады – экономист пікірі

Елімізде жылдық инфляция деңгейі 9 пайызға жуықтады. Бұл көрсеткіш, яғни тауарлар мен ақша айналымының құнсыздануы былтыр 7,5 пайыз болған еді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлары тағы да қымбаттаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бағалардың икемге келмей тұруына не себеп? Қымбатшылық қашанға дейін қыспаққа ала береді? Азық-түлік бағасын ұстап тұра аламыз ба? Бұл ретте Алматыда қандай шаралар жасалуда? Бұл сұрақтарға белгілі экономист, сарапшы Мақсат Халық жауап берген еді.

«Қазақстанда жылдық инфляция 8,7 пайызға жетті. Бұған енді негізгі себеп – ол айналымдағы ақша массасының ұлғаюы. Өткен жылда Ұлттық банктің статистикасына қарайтын болсақ айналымдағы ақша массасы 24 трлн 180 млрд теңге болған. Қазіргі уақытта 28 триллионнан асады. Демек, бір жылдың ішінде 4 трлн теңге қосымша айналымға шыққан. Бұл белгілі бір дәрежеде азық-түліктің бағасының өсіміне алып келіп жатқан жайы бар.

Азық-түлік инфляциясы тіпті 11,5 пайыздан асып жығылды. Бұл әлемде болып жатқан тенденция. Салыстырмалы түрде Ресейді алып қарайтын болсақ, ол жақта да инфляция болып жатыр. Бірақ бізге қарағанда сәл баяулау жүруде. Мен оны Ресейдің орталық банкінің ертерек базалық пайыздық мөлшерлемені көтеруі бойынша шешімінің әсер еткендігі деп түсінемін. Бізде сәл кешірек қабылдады. Сондықтан енді өсірілген 9,5 базалық пайыздық мөлшерлеме алдағы уақытта инфляция қарқынын аздап тұсаулайды деген ұйғарым бар.

Алматы қаласы инфляцияны ауыздықтауға, азық-түлік бағасын туралауға не істеп жатыр деген мәселеге келсек, қазіргі уақытта 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың тізімі айқындалған. Белігілі бір дәрежеде қала әкімдігінің тарапында бағаны тұрақтандыру қоры бар. Үлкен супермаркет желілерімен келісімшарт жасалынады. Сол 19 тауардың бағасы қатты бақылауда ұсталып отыр. Егер де баға өсіп кетіп жатса, оның шығынының бәрін супермаркетке тұрақтандыру қоры есебінен өтейді. Бұл белгілі бір дәрежеде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттамауына, бағаның ұсталып тұруына септігін тигізіп тұр. Бұл әсерін тигізіп отырған негізгі бір шешім деп айтушы едім.

Ең бастысы, өткен жылғыдай жұмыртқа мен сұйық майға қатысты жағдай сияқты, бағалық келісімнің орын алуына жол берілмеуі тиіс», – деді UIB Бизнес мектебінің директоры, экономист, сарапшы Мақсат Халық.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир