Сенатор Ұлттық банк басшысынан халық алдына шығуды талап етті

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазақстанда доллар бағамы көтерілгендіктен, импорттық тауарлардың бағасы өсе бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қымбатшылық туралы айтқан сенатор Мұрат Бақтиярұлы Ұлттық банк басшысы халықтың алдына шығуы тиіс деді. Себебі Қазақстанда доллар бағамы көтерілгендіктен, импорттық тауарлардың бағасы өсе бастады. Шетелдік көліктер де қымбаттады. Ал Әли Бектаев депутаттық сауалында келер жыл ел аграрлары үшін ауыр болатынын жеткізді. Сол себепті аталмыш секторды дамытуға «Жасыл даму» акционерлік қоғамы шоттарынан 200 миллиард теңге бөлуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

    

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Ұлттық банк басшысынан апта сайын халықтың алдына шығуды талап етті. Себебі қалыптасқан жағдайға байланысты елімізде импорттық тауарлардың бағасы өсе бастағанын алға тартты. Ал Сенат депутаты Әли Бектаев бірінші кезекте аграрлық саланы қолдау керек екенін жеткізді.  

«Құрғақшылық әрі минералды тыңайтқыштар, пестицидтер бағасының өсуі бұл салаға кері әсер етеді. Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Ресейден Қазақстанға азық-түлік жеткізу көлемі артуы мүмкін. Осыған орай бейінді мемлекеттік органдар жұмысында проблема туындап отыр. Отынмен, минералды тыңайтқыштармен және сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелердің ешқайсы шешілген жоқ», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Ал сенатор Рысқали Әбдікеров еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларын айтты.

«Жезқазған қаласын жерасты суымен толықтай қамтамасыз ету мәселесін шешу жоспары Үкіметте бар ма? Мемлекет басшысының өткен жылдың қазан айындағы Үкімет әкімдікпен және корпорациямен бірлесе отырып, адамдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуді қысқа мерзімде және бір жарым жылдан аспайтын мерзім ішінде шешуі тиіс деген тапсырмасы қандай мерзімде орындалады?», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров.

Сенатор Андрей Лукин болса салық төлеу саласындағы проблемаларды көтерді. Оның айтуынша, әкімшілік жауапкершілікке тартудың бес жылдық мерзімі өткеннен кейін кәсіпкерлерге 4,5 млрд теңге мөлшерінде негізсіз айыппұл салу фактілері орын алған. Депутат осыған байланысты әдістемелік ұсынымдар дайындауды ұсынды.

«Анықталған заң бұзу деректері бойынша, оның ішінде қабылданған шешімдерді заңнама талаптарына сәйкес қайта қарау және әкімшілік айыппұлдар бойынша пайда болған берешекті өндіріп алу бойынша түбегейлі шаралар қабылдансын. Мемлекеттік кіріс органдары жіберген ескерту мен айыппұл төлеу қажеттігі туралы хабарламаға шағымдану, наразылық білдіру тетігін көздейтін өзгерістер мен толықтырулар мәселесін пысықтау Әділет министрлігі мен Қаржы министрлігіне тапсырылсын», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин.

Сонымен қатар Сенат депутаттары қауіпті қалдықтарға қатысты заңды қабылдады. Қазақстанда қауіпті қалдықтарды әкелу, әкету және транзитін заңнамалық реттеу Базель конвенциясымен және Экологиялық кодекс нормаларымен жүзеге асырылады. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге қатысты лицензиялық тәртіп қолданылады.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров