Жеке кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Жобаға өтінім қабылдау 1 маусымда басталады. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жүзеге асырлатын мемлекеттік бағдарлама жыл сайын өткізіледі.
Қандай құжат тапсыру керек? Осы және өзге сұраққа «Алматы» телеарнасының қонағы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бас маманы Әсет Әмірбек жауап береді.
– Биыл жобаға кімдер өтінім бере алады?
– Біріншіден, былтыр осал топтар қатыса алатын, биыл ондай талап жоқ. Екіншіден, үміткерлер 10 пайызға дейін дәлелдеуі керек еді. Биыл оны 20 пайызға дейін көтеріп тастады. Үшіншіден, бұған дейін «Бизнес бастау» сертификатын алу міндетті емес еді. Биыл оны міндетті түрде алу керек. Басқа ережелері сол күйінде қалды.
– Биылғы грантқа өтінім беру кезеңі 1-11 маусым аралығында жүргізілетіні белгілі болды. Өтінім берудің негізгі талаптары қандай?
– Иә, биыл өзіңіз айтқандай 1-11 маусымда жүргізіледі. Құжаттар «Kezekte.kz» веб-порталында қабылданады. Ол портал тәулік бойы жұмыс істейді. Үміткерлер осында өз құжатын тапсырса болады. Бірінші талап бойынша ЖК есеп шотында 20 пайыз өз үлесі болуы керек. Мысалы үміткер 5 млн теңгенің жобасына арыз берсе, оның 20 пайызы есепшотында болуы керек. Кез келген екінші деңгейлі банктен шот ашып, бізге анықтама алып келсе болды. Екінші талап – «Бизнес бастау» сертификатын алу. Оны Еңбек министрлігі сайтында оқып ала алады. Ол сертификат цифрлық штрих-кодпен беріледі. Үшінші талап – экономикалық саладағы бизнес жоба. Экономика саласы бойынша бағдарлама өте көп. Осы құжаттарды сайтқа аталған мерзім ішінде тіркесе болады.
– Грантты иелену үшін инновациялық жобаларға басымдық беріледі екен. Осы тұрғыда толығырақ түсіндіріп өтсеңіз. Олар қандай жоба? Қандай артықшылықтары мен ерекшеліктері болуы керек?
– Инновациялық жоба дегеніміз – біздің қалада немесе елімізде жоқ жоба. Ол қызмет болсын, жұмыс болсын, тауар болсын, жаңа жоба болуы тиіс. Егер де үміткер біреудің идеясын алатын болса, оның франшиза келісімшарты болуы керек. Ал егер өзіңіздің идеяңыз болса, оған авторлық құқық керек немесе патент алу қажет.