Соңғы жылдары Қазақстанда егістік алқаптардың сапасы біршама төмендеген. Мамандар «еккен егістің өнімі аз, минералды тыңайтқыштарды көптеп қолдану қажеттілігін» айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал мемлекеттен қолдау күткен шағын шаруалардың қымбат тыңайтқышты алуға қауқары жоқ. Бүгін агросаладағы осы сынды өзекті мәселелер Таразда басталған Азияның 8-Агрохимиялық форумында айтылды.
Азия мен ТМД елдерінен бұл жиынға 500-ге жуық шаруалар мен тыңайтқыш өндірушілері жиналған. Мақсат – егістік жерлерінің құнарын арттыру, сол арқылы мол өнім алу. Дегенмен өңірдегі алпауыт өндіріс – «Казфосфат» ЖШС басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың елімізде төмен дәрежеде екенін айтуда. Оны «зауыт шағарған өнімнің 30 шақты елге экспортталып, өз жеріміздің елеусіз қалап жатқанынан байқауға болады», – дейді зауыт басшысы.
«Минералды тыңайтқыш өндіруші болғаннан кейін, әрине, біз үшін елімізде жұмыс істеген ыңғайлы. Бірақ біздің шығарып жатқан өнімнің қазіргі кезде 15-18 пайызы ғана Қазақстандық тауар өндірушілерге алынып жатыр. Қазіргі кезде бұл жағынан көрсеткіштер әлі ойдағыдай емес. Менің ойымша енді барлығы кеш болып жатқан сияқты. Әлі де шешілмеген сұрақтар өте көп», – дейді «КАЗФОСФАТ» ЖШС директоры Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ.
Қазфосфат өндірісі былтырдың өзінде 500 мың тонна тыңайтқыш өндіріп, алдағы уақытта өнім көлемін 1 млн. тоннаға жеткізбек. Бірақ бағасы тым қымбат минералды алуға жергілікті шағын шаруашылықтар қауқарсыз. Жиында диқандар мемлекеттен берілетін субсидияның аздығын алға тартты. Сонымен қатар, оны алудағы құжат қиындықтарын да министрлік өкілдеріне жеткізді. Келелі кездесуде агросала ғалымдары да ойларын ортаға салды. Олардың сөзінше, еліміздегі қазіргі шаруашылық бағыты шашыраңқы күйде.
«Әрқайсысы өз білгенін істеп жатыр. Сондықтан біз бірігуіміз керек. Келісіп алуымыз керек. Не істейміз? Қандай саланы дамытамыз? Сүт шаруашылығын ба? Ет шаруашылығын ба? Жеміс-көкөніс шаруашылығын ба? Оны белгілеуіміз керек. Сол басым бағытты бекіткеннен кейін, сол жерде басымды қосуымыз керек. Сол жерге технология, кадр мәселесі, техника, су, жер, қаражат қажет болса, барлығын ортаға салуымыз керек», – дейді «Агроөнеркәсіп кешеніндегі Қазақстанның іскер кеңесі» ҚБ Басқарма төрағасы Арман ЕВНИЕВ.
Ауыл шаруашылығындағы ауқымды мәселелер мен сала жетістіктерін қамтыған жиын биыл Таразда 5-рет өтіп отыр. Аймақ шаруалары үшін бұл кездесудің тәжірибелік маңызы зор. Дегенмен шағын шаруа қожалықтары шығыны көп саланы қаржыландырмай, істің өрге баспайтнын айтуда. Айта кетейік, Азияның 8-форуымы Таразда 2 күн жалғасады.
Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» телеарнасы, Тараздан