|
27.02.2020 | 18:52
4446

Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте көктайғақтың кесірінен 74 жол көлік апаты орын алған

Қол-аяғынан сындырып, түрлі жарақат алған 50-ге тарта адам дәрігерлер көмегіне жүгінген

Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте көктайғақтың кесірінен 74 жол көлік апаты орын алған Фото: Александр Куприенко (Tengrinews.kz)

Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте көктайғақтың кесірінен 74 жол көлік апаты орын алған. Ал ауруханаға қол-аяғынан сындырып, түрлі жарақат алған 50-ге тарта адам жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі. 

Онсыз да қалың қарды аршып үлгермей жатқан коммуналдық шаруашылықтар үшін кешегі жаңбыр тіпті салмақ салды. Елордалықтар бүгін шаһар көшелерінде көктайғақтан аяқ алып жүре алмай, жорғалап жүруге мәжбүрміз дейді.

БЛИЦ:

1. Таңертеңнен бері жел болып тұр. Жер көктайғақ. Боран. Үйге есен-аман барайық деп

жұмыстан ерте қайтып жатырмыз.

2. Көктайғақ. Қардың жауып тұрғаны болмаса, мұз қатқан. Абайламасаң, жер тайғақ.  Әрең жүрміз.

3 Астананың ауа-райы енді өте жақсы. Бір күн жел, бір күн боран. Кеше жаңбыр жауды. Көктем болған сияқты болды. Енді бүгін, міне, қар мен боран.

Соңғы тәулікте травмотологиялық пунктерге 300-ге тарта адам жүгінген. Соның 50-і көктайғақ кесірінен түрлі жарақат алған.

«19 науқас түрлі сынықпен келсе, 31 адам бұлшықет жарақатымен жүгінді. Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа. Ауыр науқастар жоқ», – дейді № 1 қалалық аурухана қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Алексей СОЛОД

Көктайғақ пен боранның салдарынан қала сыртында 8 автокөліктің қатысуымен жол көлік апаты орын алды. Салдарынан мына трактордың жүргізушісі мерт болды. Алайда куәгерлердің айтуынша, ол темір тұлпарда отырғанда емес, далаға шыққанда мына камаздың жүргізушісі оны қағып, мертіктірген.

«Мен келе жатқанда екі көлік тұрды. Оң жаққа бұрылып жатқанымда, түк көрінбей қалды бораннан. Сол кезде Сорента маркалы көлігі бізді соқты. Содан кейін бірнеше көлік бір-біріне соқтығыса бастады. 8-9 шақты машина. Трактордың жүргізушісі көз жұмды, тағы біреуін жедел жәрдем қызметі ауруханаға алып кетті», – деді қала тұрғыны Дмитрий ОСТРОВСКИЙ

Көктайғақ салдарынан соңғы тәулікте бас қалада 74 жол көлік оқиғасы орын алғаны анықталды. Елордалық тәртіп сақшылары барлық тасжолдардағы көлік қозғалысына уақытша шектеу қойған.

«Көктайғақ пен боран жағдайында автокөлік иелерін аса сақ болуға шақырамыз. Жылдамдықты асырмай жүруге кеңес береміз. Себебі көктайғақ кезінде дереу тежегішті басып, көлікті тоқтату мүмкін болмай қалады», – деді Қалалық полиция департаменті ӘБП басшысының орынбасары Сымбат ШОҚЫТАЕВ

Ауа-райының қолайсыздығы әуежай жұмысын да біраз тежеп отыр.  Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында 10 рейс кешіктіріліп, 14 рейс тоқтатылған.  

«5 рейстің ұшып келуі және 5 рейстің ұшып кетуі кешіктірілген.  Жылдамдығы  15 метр/секунд  болатын желде  әуе кемелерін мұз басуға қарсы сұйықтықпен өңдеуге тыйым салынады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың баспасөз хатшысы Назгүл ТӘЛІПОВА

Көктайғақ пен қарлы боран шаһардың коммуналдық қызметтерін де әбігерге салып отыр. Бүгін қала көшелерін тазалауға  арнайы техниканың 1500 бірлігі шығып отыр. Көшелер мен жүргіншілер жолына көктайғаққа қарсы құм сепсе де,  жағдай оңалмай жатыр.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы,  Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир