Қазақстанда баспана бағасы неге өсті

14.07.2021 23:28

Баспана бағасы ең қымбат аймақтарға Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары кіреді

almaty.tv

Қазақстанда баспана бағасы шарықтап барады. Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп дейді сарапшылар. Олар әзірге баспана бағасының түсе қоймайтындығын да болжап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Елімізде соңғы жартыжылдықта үй бағасының шарықтап кеткенін көз көріп жүр. Мұны сарапшылар пандемиямен, зейнетақы қорындағы қаржыны пайдаланушылардың артқанымен түсіндіріп отыр. Дегенмен баспананың қымбаттауы бірінші кезекте құрылыс материалдары бағасының өсуімен байланысты дейді олар. Дәл осы себептен жалпы әлемде тұрғын үйдің бағасы артыпты.

«Бізге құрылыс материалдары әлемнің барлық елінен келеді. Соның ішінде ең көбі Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Араб елдерінен тасымалданады. Пандемияның салдарынан олардың бағасы артты. Есесіне бізде де, қымбатқа сатылып жатыр. Ол әрине құрылысқа, соның ішінде үй бағасына да әсер етеді», – деді ҚР Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Қазақстанда құрылыс материалдарын өндірушілер болса нарықты отандық өніммен тек 50 пайызға қамтып отыр. Сарапшылар өзімізде өндірілетін өнім көлемі артса, құрылыс нысандарын тұрғызу құнын да, баспана бағасын тұрақтандыруға да болатынын айтады.

«Құрылыс материалдарын тасымалдау құны да қымбаттап кетті. Ол өз кезегінде басқа бағаға әсер етеді. Жалпы әлемде қай салада да бағаның өсу тенденциясы байқалады. Біз отандық өнімді шығаратын компаниялар мен құрылыс компаниялары арасында ұзақ мерзімді келісім шарт жасауға тырысып жатырмыз. Олар құрылысқа отандық өнімді пайдаланса, ол анағұрлым арзанға шығады. Біз осы жобамен айналысып жатырмыз», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Арман Мәмбетов.

Дерек көздеріне жүгінсек, былтыр Қазақстанда үй бағасы 5 пайызға қымбаттаған. Ал, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында баға 9,2 пайызға өсіпті. Баспана бағасы ең қымбат аймақтарға Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары кіреді.

Жанат Көшкінбай, Нұрлан Өтеген, Ринат Утеев, «Алматы» телеарнасы.