Қазақстанның транзиттік әлеуеті – мұнайдан кейінгі мол табыс көзі
Қазақстан 2029 жылға дейін шетелден кемінде 150 млрд доллар инвестиция тартуға мүдделі. Үкімет алдында тұрған межелі міндет – экономика көлемін 2 есеге арттыру. Президенттің жолдаудағы пәрменінен соң бүгінде сырттан қаржы тарту қарқыны үдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл жыл соңында жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайызға жетеді деп болжап отыр. Бірінші жартыжылдықта шетелден тартылған инвестиция көлемі 13,3 миллиард долларға жетті. Жылдық инфляция 2 есеге төмендеген. Қазынаға түскен табыстың басым бөлігі бизнеске тиесілі. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36,4 пайызға жеткен. Өндірген өнім көлемі 28 триллион теңгеден асқан.
– Биыл алдымыздағы мақсат – 2026 жылға дейін 150 млрд АҚШ долларына жуық суммаға инвестиция тарту. Қазір жұмыстар атқарылып жатыр. Геосаяси жағдайға байланысты елімізге басқа шетелдік компанияларды орналастыру жұмыстары атқарылып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, елімізге шетелдік компаниялардың орналасуын іске асырып жатырмыз, – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі инвестициялық саясат департаментінің бас сарапшысы Дамир Еркебек.
Қазақстанның транзиттік әлеуеті – мұнайдан кейінгі мол табыс көзі. Президент бұл саланың да іркіліссіз дамуына басымдық берді. Алдағы 6 жылда елдегі транзиттік тасымал көлемін 5 есеге ұлғайту міндеті тұр. Ауқымды межеге жету үшін Транскаспий дәлізінің мүмкіндігі мол. Орталық Азия және Қытай мен Еуропа нарығын жалғайтын бағыт – Қазақстан үшін де негізгі кіріс көзі. 2025 жылға қарай халықаралық дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 10 млн тоннаға дейін артады.
– Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Өйткені батыс пен шығыстың арасындағы бұрынғы жібек жолдың аумағында тұр. Геосаяси жағдай күрделі болып жатыр. Батыс пен Шығыстың арасындағы транспорт дәлізінің мәселесі өте маңызды. Бізге Каспий, Иран арқылы басқа да транспорттық дәліздерді жасау керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
Бүгінде Қытай-Еуропа бағытындағы транзиттік жүктерді Қазақстан арқылы тасымалдау әлеуеті зор. Алыс-беріс, барыс-келісті байланыстырып отырған Қазақстан – сенімді серіктес. Өткен 10 айда Қазақстан арқылы 5,5 млн тонна жүк тасымалданған. Көрсеткіш 2022 жылға қарағанда 22 пайыз артық. Экономикадағы тұрақты өсім салық саясатында оң динамиканы қалыптастырады.
– Мемлекет басшысының Жолдауында экономикалық аймақта инвестиция мәселесін көтеру үшін арнайы дефференциялық тетігін енгізуді атап өтті. 2023 жылы белгіленген мерзім шамасында неғұрлым қаржы көлемін көбейтсеңіз, мемлекет тарапынан салыққа қатысты жеңілдік болады, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков.
Биылғы меже – жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 трлн теңге инвестиция тарту. Қазынаға өндіріс пен кәсіпкерлік саласынан табыс түседі. Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың 70 пайызы Қазақстанға тиесілі екен.
Үкімет алдындағы тағы бір міндет – 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізу.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Жер телімін беруді кешіктірген жауапты тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылады