Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық Одақ жұмысына Шанхай ынтымақтастық ұйымын тартуды ұсынды
Коронавируспен ауру маусымдық сипатқа ие болып барады. Бұл туралы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы ресейлік «Спутник V» препаратын табысты ғылыми-өнеркәсіптік кооперацияның жарқын үлгісі дей келе, Қазақстан да «QazVac» вакцинасын әзірлегенін атап өтті. Сонымен қатар, іс-шара барысында кеңестің ішкі нарығындағы кедергілерді жою, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысы, кеңеске мүше мемлекеттердің 2021-2022 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдары, дәрі-дәрмек өндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы мәселелер қозғалды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев, локдаун кезеңінде Еуразиялық экономикалық Одақтағы сауда кедергілерінің саны артып кеткенін тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бізге мерзімі жеткен проблеманы өзара саудадағы кедергіні шешу қажет. Локдаун кезеңінде олардың саны артып кетті. Экономикалық белсенділік қалпына келгеннен кейін де ол өздігінен жойылып кетпейтіндігіне қауіп те бар. Аталған шектеулер сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына зиянын тиігізеді, одақтың өсімі мен даму әлеуетін шектейді. Комиссияның кедергілермен күресі тоқтаусыз сипатқа ие. Бірақ, бұл жұмысты ерекше тиімді деп айта алмайсың. Бұл –ұлттық деңгейде салдарды шешумен күрес. Осылай айтуға болатын болса, онда барынша превентивті одақтық позицияны экономикалық интеграцияға жауапты министрліктер білдіруі тиіс деп санаймыз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңестің отырысына құрметті төраға ретінде қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық Одақ жұмысына Шанхай ынтымақтастық ұйымын тартуды ұсынды.
«Біздің одақта өз аумағымыздағы елдердің тұрғындарын қамтамасыз ету үшін бәрі бар. Тек дұрыс жоспарлап, дұрыс кооперация жасап, дұрыс байланыс орнату арқылы өз аумағымызда бар дүниемен өзге елдерді қамтамасыз етуіміз керек. Жуықта азық-түлік тапшылығын міндетті түрде сезінеміз. Сыртқы байланыстар маңызды. Бұған дейінгі отырыстарда айтқанымыздай, Еуропа мен Азия нарықтарының сауда көпірі жобасын іске асырып, бұл іске Шанхай ынтымақтастық ұйымын да кірістіруіміз керек», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.