Азық-түлік бағасын бақылаудың жаңа деңгейіне өтеміз. Себебі халықты азықпен қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесі тиімсіз. Премьер-Министр Асқар Мамин бүгін Үкімет отырысында осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол төтенше жағдайды пайдаланып, әрекет жасап жатқан нарық қатысушыларын сынады. Сонымен қандай мәселелер бар? Неге жаңа жүйе енбек?
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елді азық-түлікпен қамтамасыз етуде кездесіп отырған басты проблемаларды атады. Мәселен, өнімді ұзақ мерзімге сақтау үшін сапалы инфрақұрылымның жетіспеушілігі. Бұл – шаруалар үшін үлкен шығын.
«Екіншіден, сауда-логистикалық инфрақұрылым объектілерінің бір-бірімен дұрыс үйлестірілмеуі тұтынушыға дейін жеткізетін тауар жолын қиындатады. Үшіншіден, сауда инфрақұрылымының ескі форматы өнімді тиімді таратып және ұзақ мерзімге бағаны тұрақтандыруға жол бермейді. Осымен бірге еліміздегі көлік-логистикалық жүйенің қымбаттылығы мен төмен тиімділігі төмендігі транзиттік мүмкіншіліктері мен экспорттық әлеуетті толық ашуға қосымша қиындықтарды туындатады», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.
Министр ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылатынын жеткізді. Алайда қазіргі инфрақұрылым, жетілдірілмеген логистика, тауар айналымына қатысушылардың өзара нақтыланбаған іс-қимылы бағаның өсуіне соқтырады. Қазақстандықтар мұны, әсіресе, көктем кезінде сезінеді. Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин кейбір нарық қатысушыларының төтенше жағдайды пайдаланып жатқанын сынады.
«Өздеріңізге белгілі, нарықта, әсіресе, маусымаралық кезеңде бірқатар өнімнің бағасы өседі. Оның ішінде әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері де бар. Статистикаға сәйкес, 17 наурыз бен 7 сәуір аралығының өзінде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы 4,2 пайызға өскен. Нарық қатысушыларының кейбірі төтенше жағдайды пайдалану әрекетін жасап жатыр. Сондықтан бүгін мемлекеттің қатысуымен және бағалардың шекті мәнін белгілеу қажет болды», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Премьер-министрдің сөзінше, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесі тиімсіз. Осы ретте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне өту көзделіп отыр. Үкімет ұлттық тауар өткізу желісін, көтерме тарату орталықтары кешенін құру бойынша жүйелі шешім қабылдады. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бірқатар Еуропа еліне барып, бұл тұрғыдағы үздік тәжірибелерді зерттеген. Сол зерттеу нәтижелерін пайдаланамыз, деді Асқар Мамин.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтан