Қайырымдылық іс Наурызбай ауданында да жалғасты. Мұнда аудан әкімінің аппараты еріктілермен және демеушілермен бірігіп, 250 азық-түлік себетін таратты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көп балалы отбасылардан бөлек, қажетті көмек жалғыз басты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жеткізілді.
«Бүгінгі күнге дейін 2098 отбасыңға әлеуметтік пакеттер тараттық. Нұр Отан партиясымен бірге 50 мың маска тараттық. Сонымен бірге әлеуметтік аз қамтылған 1,2,3 топтағы мүгедектер жандар бар, жалғызбасты аналар, зейнеткерлер бар. ҰОС ардагерлері бар», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппаратының басшысы Мирас НЫСАНӘЛИЕВ.
Мұқтаж жандарға таратылған себеттің ішінде күнбағыс майы, ұн, күріш, қант, қарақұмық пен ет бар. Әр затты еріктілер көмекке зәру отбасылардың үйлеріне дейін жеткізіп берді.
«Осылай көмектесіп жатқан сіздерге рахмет. Қазақстанның халқына рахмет. Аурудан, індеттен тезірек құтылсақ. Халқым аман болсын. Заманымыз тыныш болсын!» – деді қала тұрғыны Гүлдариға МАМИРОВА.