Үкімет алдында қандай міндет тұр - сарапшы пікірі

07.02.2024 23:44

Президент берген пәрменді орындайтын жаңа министрлер кабинеті жасақталды

Almaty.tv

Президент берген пәрменді орындайтын жаңа министрлер кабинеті жасақталды. Премьерден бастап, бірнеше министр ауысты. Үкіметтің алдында қандай міндеттер тұр? Қай бағыттарға назар салуы керек? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарасының студия қонағы экономист, сарапшы Мақсат Халық жауап береді.

– Билікте болып жатқан өзгерістерді көрдіңіз. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды да тыңдадыңыз. Айтыңызшы, өткен жылы жалпы ішкі өнім қанша болды? Қазіргі ахуал қандай деп ойлайсыз?

– Экономикалық жағдайға нақты шолу жасап өтсек. Өткен жылы жалпы ішкі өнім 5 пайызға өсті. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 13 мың доллардан асты. Бұл жалпы макроэкономикалық көрсеткіш ретінде жақсы көрсеткіш білдіреді. Ал халықтың шын мәнінде әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай? Халықтың нақты қолына алып отырған табысы қаншалықты өсіп жатыр? Азаматтардың табыс деңгейі қалай?

Экономиканың өсуіне сәйкес халықтың әл-ауқаты да өсуі керек. Бірақ халықтың әл-ауқаты нашарламаса, өсіп жатқан жоқ. Нақты мәселе осында болып отыр. Сондықтан жаңа Үкіметтің алдында ең бірінші кезекте қандай бағдарлама тұруы керек десе, «халықтың әл-ауқатын арттыру» деген сөз тұруы керек деп ойлаймын. Ол – кедейшілік мәселесі. Екінші кезекте жұмыссыздық мәселесі тұр. Қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Өзін-өзі жұмыспен қамти алмай отырған адамдардың саны қанша? Осының барлығы айқындалып, шешу жолы нақты ұсынылуы керек.

– Президент салық мәселесіне көңіл аудару керек екенін айтып, реформа жасау қажет деп тапсырма берді.

– Шындығын айту керек, бізде бюджет салық саясатында біраз олқылық болып жатыр. Негізінде, субсидиялық мемлекеттік көмекті, салық жеңілдігін кейбір бермейтін салаға беріп тастаған. Сондықтан да осы мәселе тереңінен талдаудан өту керек. Кейбір салалар өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Ешқандай салықтық жеңілдікке зәру емес. Ондай салалардан дұрыс салық жиналуы керек. Ал менің ойымша, жалпы қоғамымызда салық мәдениеті қалыптасуы керек. Салық деген ұғымды біздің қоғамымыз, халқымыз және бизнес өкілдері тереңінен, әлемдік дәрежедегі құндылық ретінде қабылдауы керек. Өйткені салықты төлеу арқылы біз бюджет тапшылығын жабамыз. Екіншіден, әлеуметтік өзекті мәселелердің шешілуіне жол табамыз.

Бюджет шығысы бойынша да көп жұмыс жүргізілуі керек. Бизнеске, шағын және орта кәсіпкерлерге 3-4 жылдың көлемінде мораторий жарияланған болатын. Осы жылдан бастап салық төлемдері қабылданатын болады. Салық органдары тексере бастайды. Осының барлығы бизнес үшін қысым түсірмеуі керек. Салықты қалай төлеу керек, қандай жеңілдіктер бар екені жан-жақты түсіндірілуі қажет. Солардың бірі – бөлшек сауда салығы. Қалай қосымша құн салығынан өтіп, бөлшек сауда салығына өтуге болады. Халыққа түсіндірген жағдайда, жалпы бюджет, салық саясатында да дұрыс өзгерістер болады.