Төтенше жағдайға байланысты шағын және орта бизнес өкілдеріне тегін әрі қайтарымсыз сертификаттар беріледі

Фото atameken.kz
Фото atameken.kz
Тегін лицензиялар 5 күнде беріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда төтенше жағдайға байланысты шағын және орта бизнес өкілдеріне қысқа мерзімде тегін әрі қайтарымсыз сертификаттар беріле бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Коронавирус пандемиясы  өршіген уақыттан бері отандық кәсіпкерлердің ортасында алаңдушылықтың туындағаны жасырын емес. Осы орайда, кеселдің кесірі кәсіпкерлерге қаншалықты әсер етіп жатыр және оларды қолдау мақсатында қандай шаралар қолға алынуда?

Алматыда тұрғындарды қажетті өнімдермен қамтамасыз ету басты назарда. Осы мақсатта кәсіпкерлікті қолдау ісі жалғасып, оларға қайтарымсыз сертификаттар табысталуда. Тегін лицензиялар 5 күнде беріледі. Бұған дейін, оны алу үшін өтінім түскен уақыттан бастап, шешім шыққанға дейін кемінде екі аптадай уақыт өтетін. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына қысқа мерзімде сертификат алуға бизнес өкілдерінен 360-қа жуық өтінім келіп түскен.  

«Біздің шешімімізбен Қазақстанның сыртқы сауда палатасы өте күрделі режимге көшірілді және сол режимнің аясында бұл  сертификациялау ол қайтарымсыз болады және 15 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Бұған қоса айтатын жағдай, егер сұрақтарыңыз болса, форс-мажорды жағдайы бойынша бізде 1432 желісі бар», – деді  «Атамекен» ҰКП алматы филиалының бөлім басшысы Дәулет АСЫЛБЕКОВ.

Қысқа мерзімде сертификат алғандар енді тауарды алып-сатуға кедергі болмайды дейді. Тіпті сырттан тауар алып келетіндерге де лицензиялар берілуде. Қытайдан тауар әкелетін Айгүл есімді кәсіпкердің бұған дейін бизнесі тоқтаса, енді тығырықтан шығудың амалы табылыпты.

«Ақпан айында осы Дүниежүзілік коронавирус бойынша менің тауарларым жіберілмей қалды Қытай мемлекетінен. Сертификат шығарып берді. Ең пайдалысы бізге ол тегін түрде берілді. Осы сертификат бойынша енді мен тауарларымды әкелемін», – деді жеке кәсіпкер  Айгүл БЕРДАЛИЕВА.

Қалада ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, ірі сауда орындарының жабылуы бизнесті дөңгелетіп отырғандардың кәсібіне бұғау салғаны белгілі. Алайда олар да қол қусырып отырмай, онлайн тәртібіне көшіп, тауарларды тұтынушылардың үйлеріне жеткізбек.

«Қазіргі кезде азық-түлік тауарларынан басқаны сататын сауда орындары жабылды және мейрамханалар мен кафелердің жұмысы тек тұрғындарға жеткізу бойынша ғана асырылатын болды. Бірақ бұған қоса айтатын жағдай онлайн түрде жеткізу асырылатын болады», – деді  «Атамекен» ҰКП алматы филиалының бөлім басшысы Дәулет АСЫЛБЕКОВ.

Төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері, өнім тапшылығы мен бағаның шарықтамауын қамтамасыз ету үшін, бірқатар жұмыстар жасалу қажет дейді. Осы бағыттағы алғашқы қадам ретінде, онда мүшелік жарнаны жинау ісін тоқтату туралы шешім қабылданыпты. Еске сала кетсек, мемлекет тарапынан елдегі кәсіпкерлікті қолдау үшін 400 миллиард теңге ақша бөлініп, несие төлеуді 90 күнге шегеру бойынша да жеңілдік жасалған болатын.

Аяулым Көлжігіт, Валерий Таубалдиев, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров