Елімізде баспана бағасы қымбаттады ма

Almaty.tv
Almaty.tv
Қыркүйекте тұрғын үйді сату мен сатып алу 1,6 пайыз өскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан экономикасының өсу қарқыны баяулап қалды. Өткен тоғыз айда жалпы ішкі өнім көлемі 2,8 пайыз болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлеуметтік-экономикалық даму 8 айда - 3,1, ал 5 айда 4,6% болған еді. Демек, көрсеткіш осы цифрлармен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеп отыр. Бірақ бірқатар салада өсім бар.      

Елімізде ет пен ет өнімдерін тұтыну биыл 6% азайған. Бұған әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қымбаттауы себеп болуы мүмкін. Ақпар үшін айтайық, тек сиыр етінің өзі жыл басынан бері 8,3% өскен. Осы ретте Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның бір азаматы орта есеппен 1 айда 6 келіден астам ет жейді деген дерек келтіреді.  Ал – Қызылорда облысы – етті ең аз жейтін аймақ. Өңірдегі көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 12,8 пайыз төмендеген. Қарағанды облысында да жағдай осыған ұқсайды. Ал Шымкент тұрғындары айына тек 4,4 келі ғана ет жейді десек, бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы 7,7 келі тауар тұтынып, көш бастап тұр.        

Етті еппен жесе де, баспанаға келгенде бас қатыратындар саны керісінше көбейген сыңайлы. Себебі, жылжымайтын мүліктің саудасы жүре бастаған. Өткен аймен салыстырғанда, қыркүйекте тұрғын үйді сату мен сатып алу 1,6 пайыз өскен. Жалпы тіркелген келісім-шарт саны - 36 241. Бұл қатарда Астана мен Алматы қаласы көш бастайды. Министрлік дерегіне сүйенсек, қазақстандықтарды көбіне көп пәтерлі тұрғын жай қызықтырады. Ал нарықтағы баға, яғни қолданыстағы пәтерлерді қайта сату құны 25,9 пайыз қымбаттаған. Жаңа тұрғын үйлердің құны да 17,7 процентке жетіп отыр.  

Қазақстанда үй қымбаттады деп, Түркиядан тұрғын үй алған азаматтар елге түріктен тауар тасуды көбейтсе керек. Екі елдің арасындағы тауар айналымы 66 пайыз артқан. Бұл туралы қос мемлекеттің басшысы қатысқан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық туралы жиында айтылды. Бауырлас елмен арадағы сауда – бізге 1 млн 62 мың долларлық инвестиция тартқан. Ал Қазақстаннан экспортталатын негізгі тауар – шикі мұнайдың үлесі 61,3 пайыз өсіп, 1,7 млрд долларға жетті. Айта кетейін, Түркиядан Қазақстанға келетін импорттық тауарда дәрі-дәрмек пен кілем, киімнің үлесі көп.

Новости партнеров