Жәрмеңке 8 павильонда өтті
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке 8 павильонда көкөніс пен ет төмен бағада сатылды. Тұрғындарға сатылған өнімдер нарықтық бағадан 15-40 пайызға арзан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өкілдерінің айтуынша, мереке күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын қымбаттатпай, тұрақты ұстауды тапсырды.
«Негізі бұл жәрмеңке сенбі-жексенбі күндері ғана өтетін. Біз Тәуелсіздік күнінің қарсаңында үш күнге өткізуді жоспарлап отырмыз. 14-16-ы аралығында үш күн қатарынан жәрмеңке өтеді. Онда 100 тоннадан астам өнім сатылады», - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бас маманы Қанат КӘКЕНҰЛЫ.
Мереке қарсаңында азық-түлік өнімдеріне сұраныс қашан да жоғары.
Жәрмеңке алдағы мереке күндері Алматы қаласындағы Бостандық, Әуезов, Жетісу аудандарында өтеді. Сағат таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін ашық. Ерте келген алматылықтар арзан бағамен ұсынылған өнімдері сатып алды. Алдағы уақытта бағасы қолжетімді азық-түлік тауарларын сату нүктелерін кеңейту жоспарланып отыр.
«Керекті заттың бәрін осы жерден аламыз. Тауар түрі көп, халық та көп келеді осы жерге», - деді бір тұрғын.
«Бүгін балық алдым. Балықтың бағасы басқа базарларға қарағанда арзанырақ», - деді келесі бір тұрғын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша осы сынды жәрмеңкелер Жаңа жылға дейін бағаны ұстап тұру үшін қаланың бірнеше аудандарында әр демалыс күндері өткізіледі дейді.
Ұлағат Арғынұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы