Brent маркалы мұнай бағасының баррелі биржада 83 долларға сатылды

24.12.2022 00:05

Бұған дейін «қара алтынның» ең жоғары құны 76 долларға бағаланып келген еді

ашық дереккөзден

Осы аптада әлемде мұнай бағасы өсіп, бұл көрсеткіш бірнеше күннен бері сақталып тұр. Brent маркалы мұнай құнының бір баррелі бүгін биржада 83 долларға сатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін «қара алтынның» ең жоғары құны 76 долларға бағаланып келген еді.

«Жыл соңына қарап қазір мұнай бағасы қайтадан көтеріле бастағанын көріп отырмыз. Бұған негізгі себеп болып отырған фактор бұл Қытай экономикасының қайтадан жандана бастауы деп айтуға негіз бар. Қытайда бұл уақытқа дейін өте көп карантиндік шектеулер болған. Соның салдары белгілі бір дәрежеде шикізат бағасының құлдырауына септігін тигізген. Қазіргі уақытта Қытай қайтадан халықаралық байланысты жандандыруды көздеп отыр. Әуе рейстері болсын, басқа жағдайлар болсын мұнай бағасының өсуіне септігін тигізіп отыр. Одан бөлек тағы бір әсер етіп отырған фактор ол Америкадағы мұнай қорының статистикасы шықты. Осы статистикаға қарасақ Америкада мұнай запасы азайып кеткен. Бұл да алдағы уақытта мұнайға деген сұраныстың артатындығын көрсетеді. Мұнай бағасы қайтадан өсу тенденциясына негізгі фактор ретінде осыларды айтуға болады», – деді экономист Мақсат Халық.

Сондай-ақ экономист мұнайдың құны Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіні жайлы отқталды.

«Ал енді болжамға байланысты айтатын болсақ, бұл жерде ең алдымен негізгі факторларды қарап өту керек. Қазақстан экономикасы үшін әрине мұнай бағасының жоғары болғандығы оңтайлы әсер етеді. Ол біздің экспорттық әлеуетімізді арттырып, тиісінше ұлттық қорымыздың түсімдерін де арттырады. Міне осы мәселелерде белгілі бір дәрежеде теңгеміздің тұрақты болуына да ықпал ететіні бар. Дей тұрғанмен мұнай бағасы алдағы уақытта өсе береді дейтін де болжамдар бір жақты емес. Белгілі бір дәрежеде әлем экономикасы рецессияға тап болуы мүмкін деген болжамдар бар. Америка экономикасы да рецессияға өтуі мүмкін деген болжам бар. Ал түсінікті жағдай, егер дағдарыс басталса онда  өндіріс қысқарады. Өндіріс қысқарса шикізатқа деген сұраныс та азаяды. Осы тұста мұнай бағасы қайта құлдырап кетуі мүмкін. Ал ол өз кезегінде теңгеміздің де құнсыздануына кері ықпалын тигізуі мүмкін. Сондықтан да алдағы жылы геосаяси жағдайлар қалай өрбитін болады және әлем экономикасы рецессияға кете ме, жоқ па осы сценарийдің өрбуіне байланысты болжамды нақты айтуға болады. Дей тұрғанмен теңгеге де байланысты қазір әртүрлі болжамдар айтылып жатыр. Келер жылы тағы теңге құнсызданады деген ақпараттар бар. Белгілі бір дәрежеде бұл ақпараттардың экономикалық негіздері де қазір айқындалып жатыр. Ол Америка федералды резервтер жүйесі кілттік пайыздық мөлшерлемесін өсіруімен байланыстырылады», – деді экономист Мақсат Халық.