443 мың адамның қарызы 10 шілдеден бастап кешіріледі

443 мың адамның қарызы 10 шілдеден бастап кешіріледі
Бір отбасында бөлек қарыз алғандардың әрқайсының 300 мың теңге қарызы өтеледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрмысы төмен отбасылардың банк алдындағы берешегін өтеу жұмыстары 10 шілдеден басталады. 5 миллион қазақстандықтың кепілсіз несиедегі айыппұлы, ал жағдайы нашар 443 мың отбасының қарызы кешірілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

13 күннің ішінде үкіметтегілер күнкөрісі қиын жандардың тізімі жасайды. Ережеге сай, бұл құжатқа несиені кепілсіз алғандар мен осы жылдың 1 маусымына дейін қарызы 3 миллион теңгеден аспайтындар енеді. Егер барлығы дұрыс болса, мемлекет бір адамның 300 мың теңге несиесі мен соған есептелген сыйақысын өтеуге даяр. Осы мақсатта мемлекеттен 105 миллиард теңге қарастырылған. Оның 88 миллиард теңгесі –  республикалық бюджеттен, ал 17 миллиарды – проблемалық несиелер қорынан арнайы облигациялар шығару арқылы тартылмақ.  

«Айыппұлдар мен өсімақы бойынша 77 пайызы расында қаржы ұйымдар тарапынан өтеледі. Бұл жұмысты Ұлттық банк басқа да екінші деңгейлі банктермен және шағын қаржы ұйымдарымен бірлесе жүзеге асырады», – дейді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Ескере кететін жайт, бір отбасындағылар бөлек-бөлек қарыз алған болса және оның жалпы сомасы 3 миллион теңгеден аспаса, онда әрқайсының 300 мың теңге қарызы өтеледі. Тағы бір айта кететін жайт, 5 миллион қазақстандықтың кепілсіз несиедегі айыппұлы да кешіріледі. Нақты айтқанда, бұл – ақшалай және техника алу үшін берілген несие түрі.

«Біз барлығын есептеп, тізім жасап, соманы санау керекпіз. Содан соң ақша қарызды өтеуге кетеді. Жемқорлыққа жол берілмейді. Өйткені банктегі базаны тексереміз, мемлекеттік несиелік бюромен барлығын санаймыз. Базалардағы түрлі мәліметтерді салыстырамыз», – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег СМОЛЯКОВ.

Үкіметтегілер бірден мұның бір реттік акция екенін ескертеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тұрмысы төмен топқа жататын 933 мың азамат есепте тұр. Бірақ соның ішінде шамамен тек 443 мың адамның ғана қарызы кешіріледі.

Новости партнеров