Шетелдік көліктерді қылмыс жасау үшін әдейі сатып алады

22.01.2020 00:13

Соңғы үш жылда елімізге шетелден 200 мың автокөлік әкелінген

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қылмыскерлердің шетелдік нөмірлері бар автокөліктерді арнайы сатып алу деректері барын жеткізді. Оның сөзінше, былтыр өзге елден әкелінген темір тұлпарлардың қатысуымен болатын жол көлік оқиғасының саны да күрт артыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2018 жылмен салыстырғанда, бейнебақылау камералары тіркеген жол қозғалысы ережелерін бұзу 3 жарым есеге, немесе басқаша айтқанда 27 мыңнан 93 мыңға дейін өскен.

«Шетелдік автокөліктерді тізгіндеген қазақстандықтар былтыр 1 800 жол-көлік оқиғасын жасады. Соның 1 400-і ірі материалдық шығын келтірумен болып отыр. 428 жол-көлік апаты салдарынан 132 адам қаза тапты, 528 адам жарақат алды. Былтыр қазаннан бастап біз осы автомобильдер туралы сақтандыру деректер базасынан деректерді алуға мұмкіндік алдық. Бұл мәселені біршама жеңілдетті. Дегенмен, барлығы жол қозғалысының ережелерін бұзбайтыны анық. Сондықтан әкелінген көліктер мен иелері туралы толық ақпарат әлі де қолымызда жоқ», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат ҚОЖАЕВ.

Анықталғаны, соңғы үш жылда елімізге шетелден 200 мың автокөлік әкелінген. Марат Қожаев кейбіреулер үшін бұл көліктер қылмыс құралы болғанын айтады. Былтыр 400 заң бұзушылық тіркеліпті. Шетелдік нөмірлері бар көлікпен ұрлық, шабуыл, қарақшылық жасалып, тіпті адам өлімі сынды жағдайлар да орын алған.

«Соңғы дерек - Павлодар облысында біздің үш отандасымыз Ресей Федерациясынан сақтандыру бойынша ВАЗ 2106 автокөлігін әдейі сатып алып, онымен жергілікті кәсіпкердің көлігін соғып, қиратқан. Кейін қарақшылық шабуыл жасады. Ақырында көлікті өртеп, заттай деректен құтылған. Өкініштісі, мұндай қылмыстар аз емес», -  деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат ҚОЖАЕВ.