Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметін сынға алды

22.08.2023 в 00:15

Премьер-министр басшылық қызметкерлердің қауіпсіздігін мүлдем естен шығарғанын айтты

«АрселорМиттал Теміртау» басшысына тықыр таянды. Мәжіліс депутаттары «компания басшылығымен келісімшартты бұзып, кәсіпорын иесін ауыстыру керек» десе, енді бірі «ат кекілін кеспей тұрып, жауапқа тарту керек» деген пікірін білдірді. Премьер-министр Әлихан Смайылов аталған кәсіпорында жұмысшыларға деген қауіпсіздіктен бұрын, пайда табуға баса назар аударылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Премьер-министр Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы құлқынның қамын ойлап, қызметкерлердің қауіпсіздігін мүлдем естен шығарғанын айтты. Себебі компания мен Индустрия министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары бойынша біраз құжатқа қол қойған. Алайда  кәсіпорын өз міндеттін орындамапты. Бұл бір ғана мысал. Іріңнін беті өткен аптада ашылды. «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, 5 адам көз жұмды. Дәл осы жағдай қоғам төзімінің шегіне жеткендей. «Азаматтардан бейбіт күнде айырылып жатырмыз» деп дабыл қаққан депутаттар компания басшылығын ауыстыру керек екенін айтты. Мәжілісмен Марат Башимов кәсіпорын иесін келісімшартты бұзып, жібере салуға болмайтынын атап өтті.

– Келісімшартты бұзуға болмайды. Менің жеке ойым. Өйткені бұларды жауапкершілікке тарту керек. Айыппұл салып, ақшаны қайтару керек. Бәрін қайтарып берсін. Өткен жылы қайтыс болған кісілердің жағдайы бөлек. Олар жауапкершілікке тартылуы керек. Жауапсыз инвестор көп. Қазір уақыты келді. Қоғам да оның бәрін айтып отыр, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов.

Экономист Бекнұр Қисықовтың айтуынша, «АрселорМиттал Теміртаудың» қожайынын ауыстырғаннан экономикамыз қатты әлсірей қоймайды. Себебі ол кәсіпорында жұмыс алгоритмі бір ағынға қойылған. Өндіріс жағынан мәселе туындамайды. Ал логистика жағынан қиындық тудыруы мүмкін.  

– Егемендік алғанымызға 30 жылдан асты. Бізде маман көп, шетелден де үйреніп келгендер бар. Комбинатта жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары да істің барысын жақсы біледі. Жеке пікірім, қожайын өзгерсе, комбинатқа әсері тимейді, – деді экономист Бекнұр Қисықов.  

«АрселорМиттал Теміртау» басшылығы жыл сайынғы пайданы тек қолданыстағы қызметті жасауға бағыттап келген екен. 2021 жылы жаңғырту жұмыстарына 3 млрд доллардан астам сомаға инвестиция құю туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Алайда компания тек 1 млрд долларлық жоба ұсынған.

Қарағанды облысына сапармен барған Үкімет басшысы «30 жылға жуық уақытта комбинаттың жарқырап, жайнағанын көрмедік» дейді. Өндіріс көлемі де, көбеюдің орнына біршама азайған. Мұнымен қоса, соңғы жылдары адам өліміне әкеп соққан апат та жиілеген. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың сынына қарағанда, «АрселорМиттал Теміртау» қожайыны түптің түбінде ауысатын болар.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз салынған көлік жуу нысаны сүрілді