Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің ірі салық төлеушілер департаментінің директоры Әнуар Сүлейменов айтты
Қазақстанда жаңа салықтар енгізіледі. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ірі салық төлеушілер департаментінің директоры Әнуар Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ә. Сүлейменовтің сөзінше, 2022 жылдан бастап цифрлық майнинг салығы енгізіледі. Оны цифрлық майнингпен айналысатындар төлейді. Сондай-ақ келесі жылдан бастап салық заңнамасына енгізілетін негізгі өзгерістердің бірі – шетелдік және отандық компаниялар арасындағы бәсекелестік жағдайларды теңестіруге мүмкіндік беретін Google салығы деп аталатын цифрлық салық.
Ол 2022 жылдың қаңтарынан бастап енгізіледі және тауарлар мен қызметтерді электрондық сервистер, интернет-сайттар арқылы өткізу кезінде шетелдік компаниялар төлейтін болады.
«2021 жылы ірі салық төлеушілердің мониторингін оңтайландыру үшін ең үлкен тәуекелдері бар ірі салық төлеушілердің нысаналы топтары айқындалды. Мәселен, салықтық мониторинг аясында 17 талап қойылды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде салықтық түсімдер 42,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылға қарағанда 35,5 млрд теңгеге артық. Қазіргі уақытта комитет фискалдық әкімшілендіруді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті ірі салық төлеушілер департаментінің директоры Әнуар Сүлейменов.