Салық көбейеді: майнингтік компаниялар Президентке ұсынысхат жолдады

kapital.kz
kapital.kz
Сарапшы мамандар майнинг салығы мәселесін жан-жақты зерделеу қажеттігін алға тартады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді Қазақстанда майнингке салынатын салық көбейеді. Себебі Bitcoin немесе басқа криптовалюталарды өндірушілердің мемлекетке төлейтін салығы «мардымсыз». Дәл осылай мәлімдеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауаптыларға бұл саладағы фермаларды анықтап, кеден мәселесін реттеуді тапсырды. Алайда еліміздегі «Блокчейн және дата-орталық индустриясы қауымдастығы» заңды түрде тіркелген майнингтік компаниялар үшін бұл шешім тиімсіз дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

 

Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі энергетика кешеніне қатысты өзекті мәселелерді қарастырды. Соның ішінде әсіресе криптовалюта өндірумен айналысатындардың мемлекетке төлейтін салығы мардымсыз екеніне басымдық берілді. Ал бұл экономиканың дамуын тежейді. Себебі майнерлер электр қуатының әр киловатына 1 теңге ғана төлейді екен. Сондықтан Президент Қаржы мониторингі агенттігіне елдегі бүкіл майнинг компанияларын анықтауды және жағдайды жан-жақты қарауды тапсырды.

«Криптовалюта өндірісінің әлеуметтік-экономикалық әсері аз. Жаппай жұмыс орындары құрылмайды, нақты өнім жоқ. Сонымен қатар, бұл сала электр энергиясын бірнеше облыс сияқты пайдаланады. Кейбір жосықсыз криптовалюта өндірушілер халыққа берілетін тарифтерден төмен тарифтерді пайдаланады. Импорттық жабдыққа салықтар мен баж салығы төленбейді. Ең бастысы, бұрынғы ресурстарды сарқып, ақша тауып жатыр», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, елде биыл 1 қаңтардан бастап криптовалюта өндірумен айналысатындар мемлекетке салық төлеуге міндеттелген еді. Енді алдағы уақытта салық құны көтерілетін болады. Бұл ретте жауаптылар майнерлердің техникалық шарттары мен лизенциясын тексеріп, 15 наурызға дейін есеп беруі қажет.

«Барлық криптовалюта өндірушісін анықтап, салық және кеден мәселелерін тексеріп, техникалық келісімшарттарды, сондай-ақ қызметтің басқа да аспектілерін мұқият зерделеу қажет. 15 наурызға дейін есеп беруді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мемлекет заңды жұмыс істейтін майнерлерге қарсы емес. Алайда оларды кірісін жасырмай, салықтан жалтармауға шақырып отыр. Жалпы, бұл салада жұмыс істегісі келетіндердің тиісті лицензиясы болуы қажет. Сондай-ақ тариф бойынша электр қуатын алып, кірістерін декларациялауы және жасыл энергетика жобаларын іске қосқаны абзал.

«Қазіргі мөлшерлеме бойынша электр қуатының бір киловатына 1 теңге, яғни мардымсыз ақы төлейді. Үкіметке бұл салықты тез арада еселеп көтеруді пысықтауды тапсырамын. Үкіметке цифрлық майнинг жұмысын реттеу және дамыту бойынша толыққанды шешімдер пакетін әзірлеу керек. Нәтижесін 1 сәуірге дейін күтемін», - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда сарапшы мамандар бұл мәселені жан-жақты зерделеу қажеттігін алға тартып отыр. Еліміздегі «Блокчейн және дата-орталық индустриясы қауымдастығы» салықты қаншалықты ұлғайтқанмен, бұл заңды түрде тіркелмеген майнингтік компанияларға әсер етпейді дейді. Сондықтан олар Президентке жеке тұлғалар үшін энергия тұтыну нормаларын енгізу қажеттігі туралы ұсынысхат жолдап үлгеріпті.

«Президенттің майнерлерге салынған салықты еселеп ұлғайту жөніндегі бастамасы іс жүзінде, мемлекеттік органдардың белгілі бір позицияны ғана ұстап отыруына байланысты. Бірақ мемлекет басшысына бизнестің ұстанымы, олардың сұрауы жиі жетпей жататыны жасырын емес», - деді Қазақстандағы блокчейн және дата-орталық индустриясы қауымдастығының вице-президенті Сергей Путра.

Айта кетейік, Қазақстанда 2022 жылдан бастап цифрлық майнингке салық енгізілген болатын. БАҚ мәліметінше, Қазақстан криптовалюта өндіруден әлемде АҚШ-тан кейін екінші орында тұр.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров