Қазақстан Қытайға астықты көбірек жөнелтуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv. Оның мәлімдеуінше, жаңа маусымда дәстүрлі түрде қазақстандық бидай мен ұн Орта Азия, Иран мен Ауғанстан нарықтарына жіберіледі. Осы ретте астық сапасының жоғары болуынан Қытайға жөнелтілетін бидай көлемі де артуы мүмкін.
Сонымен қатар, Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин елімізде егін жинау жұмыстары 95 пайызға жуық орындалғанын жеткізді.
«Қазақстанда дәнді дақылдар мен майлы дақылдарды жалпы жинауды 18 млн тоннаға, соның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 16 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы құрғақшылықтың салдарынан бидай көлемі азайса да, еліміздегі бидайға деген ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілді. 6-6,5 млн тоннаға жуық бидайды экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.