Қытайда қазақстандық өнімдерге сұраныс жоғары

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлем бойынша Үрімшіде теміржол арқылы тауар тасымалдайтын 6800 пойыз бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс арта түседі. Екіжақты келісімдердің нәтижесінде былтырдың өзінде Шыңжаң мен біздің елдің арасында автомобиль тасымалының 75 бағыты ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Сол аралықта аспан асты елі жай ғана көрші емес, экономика саласындағы сенімді серіктеске айналды. Бүгінде қос мемлекет арасындағы байланысты нығайта түсу жұмысы жалғасып жатыр.

– Орталық Азиямен ынтымақтастықтың біз үшін маңызы зор. Естеріңізде болса, наурызда Шыңжаң өлкесінің партия хатшысы Ма Синжуй мырза Қазақстан мен Қырғызстанда және Өзбекстанда болды. Сапар барысында көптеген келіссөз жүргізіліп, байланыс нығая түсті. Еуропа мен Азия арасындағы «Алтын дәліз» құруға мүмкіндік пайда болды, – деді Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы көлік департаменті партиялық хатшысының орынбасары Лю Пин.

Үрімші – Қытайдың ең маңызды қалаларының бірі. Себебі мұнда 19 елге тауар жолдайтын үлкен борт бар. Әлем бойынша мұхиттан ең алыс жатқан Үрімшіде теміржол арқылы тауар тасымалдайтын 6800 пойыз бар. Жергілікті мамандардың айтуынша, экспортталатын өнімнің 80 пайызы Қазақстанға жолданады.

– Соңғы 30 жылда Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасында экономикалық қатынас пен сауда-саттық ынтымақтастығы жоғары деңгейде дамыды. Бүгін де өз жалғасын тауып жатыр. Шыңжаң –  мемлекет басшыларының достықты нығайту мақсатындағы ортақ шешімін жүзеге асыруда күш салады. Бұған дейінгі келіссөздер оң нәтижесін берді, – деді Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы сауда департаменті директорының орынбасары Чжу Юн.

Үрімші қаласындағы Орталық базарда туристерден бөлек, жергілікті халық та жүр. Себебі керек дегеннің бәрі бар, тиімді бағада сатылады. Бұл сауда орны 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді, тек карантин кезінде бір сәтке жабылғаны болмаса, қалған уақытта үнемі ашық. Жергілікті халықтың айтуынша, демалыс күндері мұнда аяқ алып жүру мүмкін емес.

Қазақстанның өнімдері Қытай жерінде де сатылымда. Мысалы, кей дүкенде біздің ұлттық киімдер мен бұйымдар да бар. Сатушының айтуынша, тауарларға сұраныс жоғары. Айта кететіні, карантиндік шектеулерді алып тастағалы Қытайда турист көп. Курорттық орындары мен тарихи ғимараттарының кіреберісінде ұзын-сонар кезек.

Дүниежүзіне әйгілі, әлемнің жеті кереметінің бірі –  Ұлы Қытай қорғаны. Тау басына ұзыннан салынған бекіністің шетіне көз жетпейді, көркіне көз тоймайды.

Қытайда жүріп көненің көзі болған бұл кереметті көрмей кету мүмкін емес. Көрші елдегі туристерге арналған өзге орындар да ерекше. Кезінде ну орман болған аумақтың бәрі игеріліп, толық жабдықталған. Қыдырып келгендер арасында қазақстандықтар да баршылық.

Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы, ҚХР

Новости партнеров