Алматыда кәсіп ашқысы келетіндерге жеңілдікпен несие беріледі

05.02.2022 01:34

Бағдарламаға түрлі санаттағы азаматтардың қатысуына болады

Almaty.tv

Кәсіп бастаймын деген жандар үшін мемлекеттен қолдау көп. Алматыда шағын және орта бизнес субьектілерін жеңілдікпен несиелеу және қайтарымсыз грант беру биыл да жалғасады. Бағдарламаға түрлі санаттағы азаматтардың қатысуына болады. Мақсат – қала экономикасынын өркендету мен отандық өндіріс ошақтарын көбейту, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Дәурен Нығмет – мемлекеттің шарапатын көріп отырған жан. Өткен жылы «Qolday» бағдарламасымен кәсібіне қолдау тауып, жұмысын бастады. Қазір жүк көліктеріне құрылғы шығарумен айналысады. Отандық өнім шетелдікінен артық болмаса, кем емес. Бағасы да қолжетімді. Бүгінде кәсібінің нәсібін өзі ғана емес, жанындағы жолдастары да көріп отыр. Өзінен бөлек, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.   

«Мен «Qolday» қорына былтыр барып, көмекке ие болдым. Маған 20 млн теңге беру туралы шешім жасады. Оның 12 млн теңгесін 6 пайыз жеңілдікпен алдым. Қазір өнімдеріміз халықаралық сапамен шығып жатыр. Ешкімнен ешқандай шағым түскен емес. Кәсібімізді ары қарай дамыта беруіміз керек», - дейді кәсіпкер Дәурен Нығмет.

Бүгінде Дәурен секілді кәсібін дөңгелетіп отырғандар көп. Мәселен, өткен жылы мегаполистегі кәсіпкерлікті дамытуға 18,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам адам жеңілдетілген несие алып, жұмысын бастады. Жобаны қаржыландыратын басым бағыт – көлік құрылғыларын шығару, сауда және өнеркәсіп, сондай-ақ қызмет көрсету саласы.

«Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Сәйкесінше, мемлекеттік бағдарламаға қызығушылық танытатындар да көп. Қазір «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламалар аясында «Алматы бизнес-2025» және «Алматы бизнес» жобалары жұмыс істеп тұр. Бұл бағытпен кәсіпкерлер 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант ала алады», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Әділ Жанкин.  

Қомақты ақша кез келген жанға беріле бермейді. Оған қол жеткізу үшін арнайы бизнес жоспарыңыз инновациялық бағытта болуы керек. Комиссия мүшелері креативті идеяларға толы жобаларға көңіл бөледі.

«Кәсібін бастаймын деген жандар «Qolday» платформасы арқылы өтініш қалдыра алады. Қажетті құжаттар тізімі: бизнес жоспары, мемлекеттен көмек алатын мүмкіндігі шектеулі жандар болса, соны растайтын құжат өткізуі керек. Биылғы жобаға өтінім беру алдағы наурыз айында басталады. Сол уақытқа дейін тұрғындар бизнес жоспарларын дайындап, мамандардан көмек алуына  болады», - деді «Qolday» кәсіпкерлік орталығы директорының орынбасары Әсем Мақашева.    

Мемлекеттен қаржы алып, кәсібін дөңгелетемін дейтіндер «Инвест Қолдауға» барып, мамандардың кеңесіне жүгіне алады. Орталық шаһардағы Байзақов, 303 мекенжайында орналасқан. Бағдарламаға тек жұмыссыз азаматтар ғана емес, тұрақты жұмыс орны бар адамдардың да қатысуына да мүмкіндік бар.  

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы