Карантин кезінде онлайн сауда мен төлем операцияларын жүргізу ұлғайған. Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, елдегі қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 2 жарым есеге ұлғайып, шамамен 7,5 трлн. теңгеге жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда, салық жеңілдіктерін алу үшін табыс салығын төлеуден босатылған 601 интернет-дүкен тіркелген. Сондай-ақ онлайн желіге толық көшуде кедергілер көп.
«Электрондық сауда үлесінің өсуіне қарамастан, бізде әлі күнге дейін онлайн-желіге толық көшу үшін кедергілер бар. Көлеңкелі экономиканың жоғары үлесі, банкаралық төлемдер, эквайринг бойынша жоғары комиссия, шағын орта кәсіпорындардың дайын еместігі және тауарларды уақтылы жеткізе алмау сияқты проблемалар. Электрондық сауданың өсу қарқынын қолдау үшін нормативтік және техникалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру қажет», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Сонымен қатар биылғы 6 айда интернет дүкендерінде 20 млн.-ға жуық тауар сатып алынған. Қазақстандық интернет магазиндерден алынған тауарлар саны 7 млн-нан 14 млн-ға дейін өскен.
«Электрондық коммерцияда 4 негізгі дамыған бағыт бар. Олардың барлығында Отандық платформалар орын алуда. Пандемия кезеңіндегі нарықты қарасақ адамдардың алатын тауарлар категориясы өзгерген. Киім мен косметиканы сатып алудың төмендеуі байқалады. Бірақ бұл ретте халық онлайн арқылы азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарларын көбірек сатып ала бастады. Қазақстанда пандемия кезінде өзекті болып табылатын көптеген тауар позицияларының өндірісі бар екенін атап өту қажет», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин.