|
30.03.2021 | 19:58
9920

Солтүстік Қазақстанда жанармай бағасы қымбаттады

СҚО-да барлығы 105 жанармай бекеттері бар

Солтүстік Қазақстанда жанармай бағасы қымбаттады Almaty.tv

Солтүстік Қазақстанда жанармай бағасы қымбаттады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сұранысқа ие АИ-92 маркалы жанармайдың бағасы ақпан айында 155 теңге болған. Ал қазір 1 литрі үшін кем дегенде 166 теңге төлеу қажет. Кей жанар-жағармай бекеттерінде 169 теңгеге дейін жетеді. Ал АИ-95 маркалы бензиннің құны 170 теңгеден 185 теңгеге дейін өскен.

«Қыстың аяқталғаны да жақсы болды, енді машинаны жылытудың қажеті жоқ. Дегенмен, жанармай бағасы қымбаттап, қалтаны қағып отыр.  Өйткені, баланы тасимыз, жұмысқа барамыз. Бұл бізге қымбаттау болып отыр», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Раушан Баламбаева.

Тұрғындардың сөзінше, жанар-жағармайдың өсуі халықтын қалтасын қағады.

«Бағалардың өсуі қарапайым халыққа оңай тимейді. Мен мұндай қымбатшылыққа қарсымын. Әдетте аптасына бір рет толық жанармай цистернасын құятынмын. Бағалардың өсуіне байланысты мен 95-тен 92-ге көшуге мәжбүр болдым», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Игорь Тараненко.

СҚО-да барлығы 105 жанармай бекеттері бар. Оның 37-і Петропавл қаласында, қалған 68-і облыс аудандарында орналасқан. Билік өкілдерінің сөзінше, бағаның өсуіне басты себеп – мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы.

«Бағаның өсуіне Атырау мұңай өңдіру зауытының жұмысында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары әсер етті. Қазіргі уақытта СҚО-дағы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті бағаның көтерілу себептерін анықтау үшін егжей-тегжейлі талдау жүргізіп жатыр. Біз сараптама жасап, барлығын тексеретін боламыз. Нәтижелер келесі аптада дайын болады», – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Фархат Ибраев.

СҚО-нан бөлек көрші облыстарда да да жанармай бағасы өскен. Мәселен, Ақмола облысында енді АИ-92 маркалы жанармай 165 теңге, АИ-95 180 теңгеге сатылып жатыр. Қарағанды мен Қостанайда АИ-92 170 теңгеге, ал АИ-95 маркалы жанармай 178 теңге. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың сөзінше, ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасы реттелмейді. Жанармайдың бағасын реттеу 2015 жылдан бастап, ал дизелді отынға 2016 жылдан бастап жүргізілмейді, ол нарық пен сұранысқа негізделген.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир