Бақытжан Сағынтаев шаһардағы индустриалды аймақта орналасқан жылыжай мен шұжық өндіретін зауытта болды

16.05.2020 01:00

Карантин уақытында алматылықтарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қолжетімді бағада қамту қала әкімдігінің басты назарында болды

Almaty.tv

Карантин уақытында алматылықтарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қолжетімді бағада қамту қала әкімдігінің басты назарында болды. Осы себепті де күнделікті қажетті көкөніс пен азық-түлік өндірісі бір сәтке де тоқтаған емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Тек, санитарлық нормалар қатаң тәртіппен сақталған. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардағы кәсіпорындарды аралау барысында индустриалды аймақта орналасқан жылыжай мен шұжық өндіретін зауытта болды.

2016 жылы іске қосылған бұл жылыжай, қазіргі таңда жылына 7 мыңнан астам тонна өнім өсіруге қауқарлы. Оның басым бөлігі – қызанақ пен қияр. Голландиялық технология бойынша өсірілетін өнімдердің сапасы кез келген шетелдік көкөністен кем түспейді. Жылыжай болғандықтан мұнда санитарлық нормалар карантинге дейін де қатаң ұстанылатын.      

12 гектар аумақты алып жатқан бұл жылыжайда қызанақтың 8 түрі өсіріледі. Күніне 20 тонна өнім өндіре алатын бұл жылыжай Төтенше жағдай кезінде, карантин кезінде де жұмысын бір мезетке де тоқтатқан жоқ. Себебі Алматыда бөлек, бүкіл Қазақстанды азық-түлік қамтамасыз ету және баға саясатын ұстану бірінші кезекте болатын.     

Жобаның жалпы құны 7,8 млрд теңге. Мұнда тыңайтқыштар мен минералдарды автоматты түрде себетін тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Алматылықтарды үздіксіз көкөніспен қамту үшін кәсіпорын жұмысшылардың қауіпсіздігіне басты назар аударды.  

«Жұмысшыларға келетін болсақ, бізде 180 адам жұмыс істейді. Оның 50 адамы облыстан келетін еді. Карантин кезінде 50 адамды Алматы қаласына жайғастырдық. Бас мамандарға пәтер жалдап бердік. Қалғандарына жатақхана ұйымдастырдық. Үш уақыт тамағы болды. Карантинге дейін күніне бір мезгіл ыстық тамақ беріліп келсе, карантин уақытында 3 уақыт тамақ берілді. Алып бару, алып келуді де ұйымдастырдық», – деді жылыжай кешенінің директоры Нұрлан ӘДІЛХАН.

Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз ететін келесі өндіріс орны – «Бижан» ет өңдеу зауыты. 2 жыл бұрын индустриалды аймақтан 3 гектардан астам жерде жаңа зауыттың құрылысын бастаған болатын. Енді міне жаңа зауыттың тұсауы кесіліп, күніне 20 тоннаға жуық ет өнімдерін шығармақ. Еуропалық стандартқа сай бұл өндіріс орны жоғары сапалы шұжықтардың 100-ден астам түрін шығарады.  

«Қаланың сауда сөрелерінің барлығында біздің тауарлармен қамтамасыз етіліп тұрды. Жаңа сойылған малдың еті, шұжық өнімдері, жартылай фабрикаттар, деликатестермен қамтамасыз етіліп тұрды. Біздің дүкендеріміз арқылы және қаланың сауда дүкендерінің барлығында болды. Қазір енді толық құрамда жұмыс жасап жатырмыз», – деді ет өңдеу зауытының бас директоры Хадиша БИЖАН.

     

Компанияның басты өнімдері шикі және пісіріліп ысталған, деликатес еттермен және жылқы етінен дайындалған ұлттық өнімдер, сонымен қатар тұтынушыларға жаңа сойылған ет ұсынады. 250 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт карантин кезінде де жұмыс істеді.

«Біз бір күн тоқтамай жұмысымызды жасап жатырмыз. Және де халықты керекті ет өнімдерімен қамтамасыз етіп жатырмыз. «Бижан» компаниясының өнімдері таза, барлық санитарлық нормалар орындалып жатыр. Сол себепті өзім ауырып қаламын деп қорықпаймын», –  деді цех қызметкері  Әділет СЕРІКҚҰЛОВ.

Айта кету керек, индустриалды аймақта, 2019 жылы жалпы сомасы 67 миллиард теңге болатын 12 кәсіпорын пайдалануға берілді. Тиісінше, 1700 жұмыс орнын құрылды. Ал, биыл 1600 жұмыс орнымен 11 жаңа жобаны іске қосу жоспарланса, келесі жылы 23-і жоба қызметін бастайды.

Арнат Дүйсен, Рашид Шүкіәлиев, Арсен Сандыбаев, «Алматы»  арнасы