COVID-19: Алматыдағы мобильді зертханаларда 1 жарым айдың ішінде 24 мың талдама жасалынған

16.05.2020 01:22

Алматыда бір күнде 2000-нан аса тұрғын коронавируске байланысты тексеріледі

Almaty.tv

Алматыда бір күнде 2000-нан аса тұрғын коронавируске байланысты тексеріледі. Осы орайда қауіпті вирусты анықтау мақсатында іске қосылған зерттеу орталықтарының да маңыздылығы артып, саны көбейіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал, өзінің және жақындарының денсаулығына алаңдаған қалалықтар тестілеудің 2 түрлі әдісінен өте алады.  

ПТР тапсырып, өзін коронавирусқа тексеремін деген қала тұрғындарының саны күн санап артуда. Ал, осындай тест орталықтарының бірінде жұмыс қайнап жатыр. Мұнда келгендерді қызметкерлер ең алдымен тізімнен тексеріп, бар-жоғын анықтайды. Кейін медициналық приборлардың көмегімен келушінің мұрын қуысынан және жұтқыншағынан жағындыны алып, мұздатылған биоматериалдан жасалған қорапшаның ішіне салып, нәтижиесін білу үшін бірден лабараторияларға жөнелтіледі.  

Алматылықтар коронавирусқа жедел-тест әдісі бойынша және ПТР сараптамасы арқылы тексеріле алады. Дегенмен, тиімдісі ПТР тесті дейді мамандар. Ол жағындыны талдауда вирусты нақты анықтайды. Ал, келушілердің басым бөлігі құны 15500 теңге тұратын осы ПТР сараптамасын жасатуға тырысады.

«Күнделікті 150-ге дейін адамнан тест аламыз. Мамандар қауіпсіздік шарасын қатаң сақтайды. Жалпы 1 жарым ай жүргізілген жұмыс барысында 24 мың талдама жасалынып, коронавирус жұқтырғандарды да анықтадық», – деді мобильді орталықтың басшысы Мин Хи СУК.

Қазір мегаполисте қауіпті індет бойынша жағдай бірқалыпты. Десе де азаматтар жұмысқа қайта шығу үшін көбірек тест тапсырып жатыр.

Медициналық масқа вирустан қорғай алмайды деп жатады. Отбасымыздың амандығы үшін тест тапсырып, сұрақтарымызға жауап алуға келдік.

Қазіргі таңда қала бойынша 7 зертхана жұмыс істейді. Экспресс-тестілеу әдісіне қарағанда ПТР талдамасы вирус мутацияға ұшыраса да, толықтай анықтауға мүмкіндік береді. Нақты нәтижиеге жетуде - реагентті сұйықтықтың маңызы зор. Мамандар ПТР-ді қай уақытта тегін тапсыруға болатынын да айтты.

«Мобильді кешендердің ерекшеліктері – науқасты нақты уақытында шақырады. Бұл мобильді кешендерде біз «fi» экспресс-тестін жасап жатырмыз. Бұл барлық науқастарға тегін жасалады. «fi» экспресс-тесті оң нәтижие болған кезде, ПТР анализға бірден тапсыруға болады. Ол тегін жасалады», – деді клиникалық-диагностикалық зертхананың аллерголог-иммунолог дәрігері Оксана УСЕНОВА.

Сондай-ақ, қаладағы барлық зертханалық орталықтың қауқары күніне 2 жарым мыңға жуық тест жасауға жетеді. Дегенмен кез келген азамат сақтық шараларын қатаң ұстанып, дер кезінде тексерілгендері абзал.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы»  арнасы