Қазақстанда газ өңдеу зауыты бой көтеруі мүмкін

03.10.2019 02:01

1061 шақырымдық «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы биыл тәмамдалуы тиіс

Бұл туралы бүгін Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді. Қазір бұл шаруаның техникалық жағы қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жобаның құны мен қаржыландыру мәселелері де осыған байланысты болмақ. Вице-министр өндіріс ошағын таяу үш жылдың ішінде жүзеге асырған жөн деді.

«Қазір өндірілетін ілеспе газ көлемін кәдеге асыру – мұнай өндіруді арттыруға тежеу болып отырған фактор. Осы ретте газды қайта өңдейтін зауыт салу нұсқасы қарастырылуда. Қуаты әзіргі болжаммен жылына 1 млрд текше метр болады деп жоспарланып отыр. Келешекте одан да еселей түсуге мүмкіндігі бар модульдік тұрғыда жасалатын нұсқасы да қарастырылып жатыр», - деді ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ.

Ал, Нұр-Сұлтандағы үйлерге газ қосудың алғашқы жұмыстары келесі жылдың күзінде аяқталады. Ұзындығы 1061 шақырым болатын «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы биыл тәмамдалуы тиіс екен. Бүгінде құбырлардың 1050 шақырымы біріктірілген. Қазір оларды төсеу жұмыстары жүргізілуде деді вице-министр.