Алматы облысының шаруалары піскен көкөністері мен дайын сүт өнімдерін сауда айналымына шығара алмай отыр. Олар егін алқаптарындағы өсіп жатқан көкөністерді қайда жіберетіндерін білмейді. Мәселен, соңғы бір айда жарты тоннаға жуық көкөніс пен сүт өнімдері бұзылып кеткен. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.
Жетіген ауылының тұрғыны Валентина Кораблинаның ауыл шаруашылығымен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан. Ол 14 гектар жердің 2 гектарына қияр, қызанақ, қауын сияқты көкөніс өсіріп сатады. Шаруаның сөзінше жер телімінен аптасына шамамен 600-700 келідей қияр жиналады. Бұрын фермер пісіп көкөністерін қаладағы жәрмеңкелерге келіп сатыпты. Қазір ол да мүмкін болмай тұр дейді.
«Көбіне алыпсатарлар келеді. Олар өз бағаларын ұсынады. Кейбіреуі 20 теңгеге, енді бірі 50 теңгеге бер дейді өнімдерді. Бұл, әрине, кеткен еңбекті ақтамайды. Қазір қиярларды өзім ғана жинап жатырмын. Егер бір-екі адам жалдасам, онда бұл ақша түкке жетпей қалады», – деді шаруа Валентина Кораблина.
Ал Байсерке ауылының тұрғыны Оксана Наконечная бүкіл отбасымен сүт және етпен айналысады. Күніне 25 келі ірімшік жасайды екен. Қазір фермер пайдаға аспай тоңазытқыштарда 200 келідей ірімшік сақтаулы тұр дейді. Ал, бұған дейін біразы ашып кеткен соң малға беруге тура келген.
Фермерлер сүт пен ірімшікті жақын маңдағы дүкендер мен азық-түлік цехтарына өткізіп көрген. Бірақ олар үй жағдайында жасалған өнімдерді алмайтін көрінеді. Ал ірі қара малдарды күтіп-баптауға да жағдай керек дейді шаруа иесі. Бұл мәселемен Оксананың анасы Надежда Никитина жауапты орындардың көмегіне жүгініпті.
«Бізде асырап отырған ірі қара малдардың барлық құжаттары, денсаулық жағдайы туралы қағаздары бар. Жұмысымыздың бәрі заңды. Бір айдан бері нақты жауап ала алмай жүрміз. Біз қазір жануарлардың жемін дайындауымыз керек. Мәселен, 3 мың бума шөп, 25-30 тонна арпа алу керек. Ал оны алуға менің қаржым жетпейді», – деді шаруа қожалығының иесі Надежда Никитина.
Шаруалардың бұл мәселесімен аудан өкілдері таныс болып шықты. Олардың сөзінше ауыл фермеріне жергілікті базарларға келіп сауда жасауына рұқсат берілген.
«Ауылдық округқа қарасты өзімізде екі базар бар. Екі базарда сата беруіне болады ол кісілерге. Алматы-Қапшағай трассасында ауыл шаруашылық өнімдерін сататын бұрыш бар. Жәрмеңке өткізіледі. Ол енді жақын арада ашылады. Оның үстіне тағы да мына Жетіген-Алматы трассасында тағы бір нүкте болады», – деді «Жетіген» ауылдық округінің әлеуметтік мәселелер бойынша бас маманы Гүлшара Делдібекова.
Фермерлер ауыл адамдарының басым бөлігі шаруашылықпен айналысатындықтан жергілікті базарлардан мардымды табыс түспейді дейді. Ал Іле ауданы әкімдігінің өкілдері жуық арада қалаға барып жәрмеңке жасау мүмкін болмай отырғанын айтады.
«Оларға жәрмеңке керек. Ал соңғы жағдайға байланысты жәрмеңке қазір ашылмайды. Біз қалалық әкімдікпен сөйлестік. Олар эпидемиологиялық жағдайдың күшеюіне байланысты жәрмеңкелерді аша алмаймыз деп отыр. Өйткені бұл қауіпті. Ал базарлардың бәрі ашық тұр. Көтерме бағамен 100 теңгеден алып жатыр», – деді Алматы облысы Іле ауданы ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Әлімжан Жүсіпов
Жалпы Іле ауданы бойынша 200-ден астам ірі шаруа қожалығы бар. Ал атқа мінерлер фермерлерге заман ағымына ығысып, клиенттерді әлеуметтік желілер арқылы тартып, онлайн сатылым жасауды ұсынып отыр.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы