Қазақстан мен Тәжікстан арасында жүк тасымалы артты

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Қазақстанда Тәжікстанмен бірлескен 418 кәсіпорын жұмыс істеп тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Тәжікстан арасында жүк тасымалы артып келеді. Биыл бірінші тоқсанда теміржол көлігімен транзиттік тасымал көлемі 28 пайызға өскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар, осы көліктің түрімен экспорт-импорт көлемі 20 пайызға көтерілген. Бүгін біздің ел мен Тәжікстанның 300-ден аса кәсіпкері бас қосқан бизнес-форумда екі елдің экономикалық қарым-қатынасы сөз болды. Келісім негізінде жалпы сомасы 2 миллиард доллар болатын бірнеше құжатқа қол қойылды. Жиында Қазақстанның сауда министрі Серік Жұманғарин біздің ел Тәжікстанға бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын екенін мәлімдеді.

«Биылдың өзінде маусымаралық кезеңде Тәжікстаннан Қазақстанға әлеуметтік маңызы бар агроөнімдерді жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл біздің өзара іс-қимылмыздың шегі емес екеніне сенімдімін. Менің тапсырмам бойынша биыл қазақстандық бизнес өкілдері бар бірнеше делегация сол елге барып келді. Тәжікстанға жылы қабылдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз өз тарапымыздан күнбағыс майы, бидай және ұн экспортын арттыруға дайынбыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Қазір Қазақстанда Тәжікстанмен бірлескен 418 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 98 пайызы шағын бизнес екен. Өз кезегінде Тәжікстанның вице-премьері Сулаймон Зиёзода екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын айтып, Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 100-ден астам бірлескен кәсіпорын құрылып, жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Өнеркәсіптік кооперация салаларын кеңейтуге қолдау жасалып отыр екен.

«Тәжік-қазақ қарым-қатынастарында ынтымақтастықтың экономикалық бөлігін кеңейту тұрғысында зор мүмкіндіктер бар екенін атап өткім келеді. Бүгінде Тәжікстанда экономикаға инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалған. Банк және экономиканың нақты секторларын қолдауға назар аударылып отыр. Цифрлық экономиканы дамыту және инновациялық технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастықты жандандыру екі елдің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ете алады», – деді Тәжікстан вице-премьері Сулаймон Зиёзода.

Новости партнеров