Алматы облысында жыл сайын 100-ден аса инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдәлиев арнамызға берген сұхбатында мәлімдеді. Оның сөзінше, биыл шетелдік инвесторлармен бірлескен 32 жоба қолға алынған. Нәтижесінде 4 жарым мың жұмыс орны ашылыпты. Алматы облысының инвестициялық ахуалы қандай? Бұл саланы дамыту үшін өңірде нендей шаралар жасалған? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Алматы облысының инвестициялық портфелінде бүгінде 5 триллион теңге болатын 500-ден астам жоба бар. Соның ішіндегі 350-ден көбін биылдан бастап 2030 жылдары арасында жүзеге асыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 50-ге жуық жоба орындалыпты. Ал 32 жобаны шетел инвесторлары қаржыландырған.
«Жыл сайын 100-ден артық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ең ірілерін айтып кетсек, мысалы, былтыр күн қуатын пайдаланатын үлкен электростанция қосылған. Ол Сингапурдың компаниясы. 100 мегаваттық. Биыл сол компания тағы 50 мегаваттық күн қуатын өндіретін электростанциясын салып бітті», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдәлиев.
Сондай-ақ, желден қуат алатын станция, цемент зауыты, макарон фабрикасы сияқты ірі өндіріс кәсіпорындары іске қосылған. Облыста орналасқан алты индустриялық аймақтың инфрақұрылымы жетілдіріліп жатыр.
«Келесі жылы бізге Американың ең бір ірі компаниясы "Tyson Foods" ірі жобаны жүзеге асырайын деп отыр. Ол ірі қара етін шетелге экспортқа дайындау, сол сияқты «Baumann» деген жүз жыл тарихы бар немістің компаниясы қой етін өңдейтін зауыт салуды бастады», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдәлиев.
Потенциалды кәсіпкерлердің басым бөлігі Алматыда болғандықтан, олар үшін облыстың өңірлік даму орталығы жұмыс істейді, яғни инвесторлар Талдықорғанға барып ат арылтып жүрмейді. Мұнда кәсіпкерлердің орталыққа келуінен бастап, «бір терезе» қағидатына сәйкес, жобасының толық жүзеге асуына дейінгі шаралар осындағы қызметкерлердің көмегімен жүзеге асады.
«Сондай-ақ, біз инвесторлардың жобаларын инвестициялық жоба ретінде танылуына көмектесеміз. Осы арқылы кәсіпкер бизнесін дамыту үшін жер учаскесін алуға, инфрақұрылымын жақсартуға, жеңілдетілген несиені иеленуге мүмкіндік ала алады», – деді Алматы облысы өңірлік дамыту орталығының директоры Шыңғыс Мақашев.
Сонымен қатар, Алматы облысында көлік логистикасының әлеуеті жоғары. Шетелден тауар тасымалдайтын 4 кеден орталығы мен 2 темір жол өткелі бар. Ал карантин кезінде шетелдік серіктестікті сақтау мақсатында 49 елдің 200-ден астам азаматына виза берілген екен. Ал мың адамның визасы ұзартылған.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы