Азаматтардың табысын арттыру үшін келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып бекітілді. Бұл – Жолдауда Президент айтқан көп тапсырманың бірі. Яғни, еңбекақының төменгі мөлшерін көбейту арқылы 1 миллион 800 мың адам, ал бюджет саласында қызмет істейтін 350 мың азаматтың әл-ауқаты артпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 104 триллион теңге болды. Ал шетелден тартылған инвестиция 28 миллиардқа жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы саудада да 136 миллиард доллармен бұрын-соңды болмаған санға қол жеткізген ел жаңа экономикалық үлгіге өтеді. Бүгін Президент осылай деді. Ал бұл мақсатты орындау үшін өзгеріс тариф саясатын түбегейлі қайта қараудан басталмақ. Экономикадағы ірі монополистерге міндет жүктеледі.
– Президент ақша-несие саясатындағы күрделі мәселені атап өтті. Елімізде банктер табысқа қол жеткізген. Өткен жылдағы табысы 1,5 трлн теңге. Олар қалай көп табысқа жетеді? Халықты несиелеу арқылы ма? Экономикаға қосар үлесі қандай? Тұтынушы несиесін көбейтсе, неге бизнесті қаржыландырмайды? Осындай мәселелер нақты айтылды, – деді экономист Мақсат Халық.
Қасым-Жомарт Тоқаев «шикізат үшін шетке жалтақтамай, елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру керек» деді. Президент өндірістің барлық сатысын елде дамытуды қамтамасыз етуді тапсырды.
– Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуы тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ішкі нарық демекші, оның көлемін көбейтіп, әлеуетін біріктіру үшін бір жерден басқаруды жолға қою керек. Ал бұл ретте, төлем жүйелерінің тұрақтылығын сақтау - өзекті. Сарапшылар да бұл ұсыныстың тиімділігін алға тартады.
– Елімізде екі қор биржасы жұмыс жасайды. KASE және Астанадағы қаржы орталығында құрылған қор биржасы. Көп жағдайда бір-бірінің көшірмесі екені рас. Қор нарығы дамымаған ел үшін 2 бірдей қор биржасын ұстау логикаға сыймайды? – деді экономист Мақсат Халық.
Президент Үкіметке экономикалық өсімді 6-7 пайызға арттыруды міндеттеді. 2029 жылға ұлттық экономика көлемін 2 есеге ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізу керек.
– Жолдаудың басым бағыты экономикаға бағытталғанымен, барлық экономикалық іс-шаралардың нәтижесі халықтың жағдайына тікелей әсер етуі тиіс. Жолдауда айтылған халықтың әлеуметтік тұрмысы, соның ішінде жұмыссыздық мәселесі көбірек шешім тапса дейміз. Әсіресе бұл аймақтар үшін маңызды, – деді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек
Ел әлеуеті айқын көрінетін әлеуметтік салаға келгенде, Мемлекет басшысы балалар мен жастарға айрықша тоқталды. Бастапқы білім беру капиталы мен жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыстың түбегейлі қаралуын міндеттеді.
– Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда айтылған көп міндеттің ішінде «Отбасы банк» қызметін қайта қарау, басты назарды аудандар мен моно-қалаларға, ауылдарға аудару бар. Сондай-ақ ел ішіндегі 21 банктің қатарына бәсекені арттыру үшін сенімді деген үш шетелдік қаржы ұйымын тарту ұсынылды. Президент «аталған міндеттің бәрі үш жыл ішінде жүзеге ассын» деді.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ғалымдар Президент Жолдауына пікір білдірді