Сондай-ақ камералдық бақылаудың тиімділігі де жақсарды
Республикалық бюджеттің меншікті кірістері, трансферттерді есептемегенде, 15,3 трлн теңгеге дейін өсті, ал салық түсімдері 2,2 трлн теңгеге ұлғайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«2025 жылы республикалық бюджет түсімдері 21,4 трлн теңгені құрады. Трансферттерді есептемегенде меншікті кірістер 15,3 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 1,8 трлн теңгеге ұлғайды. Салықтық түсімдер 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5%-ға өсті. Жалпы өсім, экономиканы кеңейту, корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша түсімдердің ұлғаюы, импорттың өсуі, сондай-ақ әкімшілендіру тиімділігінің артуы есебінен қамтамасыз етілді», — деді Мәди Такиев.
Министрдің сөзінше корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер, 880 млрд теңгеге немесе 24%-ға өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. Қосылған құн салығы бойынша өсім, 932,5 млрд теңгені немесе 18% құрап, 6,1 трлн теңгеге дейін артты.
«Сондай-ақ камералдық бақылаудың тиімділігі де жақсарды. Нәтижесінде, бюджетке 388 млрд теңге өндірілініп алынды. 2024 жылмен салатырғанда, бұл көрсеткіш 262 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, мемлекет бизнес алдындағы міндеттерін орындауын жалғастырды. 2025 жылы бюджеттен 1 трлн 354 млрд теңге қосылған құн салығы қайтарылды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 138 млрд теңгеге артық», — деп атап өтті қаржы министрі.
Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасының былтырғы өсімі 6,5%-ға дейін жеделдеді – министр