«Бірінші сұрыптағы ұн қымбаттайды»: Ауыл шаруашылығы министрі нан бағасына қатысты пікірін айтты

15.03.2019 02:31

Осыдан екі күн бұрын әлеуметтік желіде «ас атасы» 15-30 теңге аралығында қымбаттайды деген хабар тараған еді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров нан бағасының қымбаттауына қатысты пікірін білдірді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осыдан екі күн бұрын әлеуметтік желіде «ас атасы» 15-30 теңге аралығында қымбаттайды деген хабар тараған еді. Мұны желі қолданушылары бидай құнының өсуімен септестірген.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров болса нан бағасының өсуіне еш негіз жоқ дегенді сеніммен айтып отыр. Өйткені әлемде нанға арналған бірінші сұрыпты астықтың құны өзгеріссіз. Бірақ жоғарғы сұрыпты ұн қымбаттауы мүмкін. Бағаның шарықтауын қазақстандықтар да күтуде. Facebook әлеуметтік желісінде тараған құжатта 26 наурыздан бастап «әлеуметтік себетке» кіретін нан мен өзге де ұн өнімдері 15 теңгеден 30 теңгеге дейін қымбаттайды делінген. Бірақ мұны да министр жоққа шығарды.

«15-30 теңгеге көтереміз деген хабарды бірінші рет көріп отырмыз. Бізде барлық әкімдікте нанның бағасын қадағалап отырады, күн сайын. Ал Астанада нанның бағасын біз өзіміз министрліктен қадағалап отырамыз», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан ОМАРОВ.

Министр наннық қымбаттауын жоққа шығарғанымен, жыл басынан бері Атырау, Қостанай, Шымкент, Павлодар мен Оралда оның құны 5-10 теңгеге артқанын айта кеткен жөн.

Есте болса, Ұлттық эконмика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында нарықтағы 900 теңгеден 1400 теңгеге қымбаттаған қияр мен қызанақтың бағасын арзадатамын деп уәде берген еді. Содан бері 3-4 күндей уақыт өтті. Министр уәдесінде тұрды ма, жоқ па? Оны білу мақсатында «Алматы» телеарнасының тілшілері Астанадағы сауда орындарын аралап қайтты.

Журналистер алдымен орта деңгейлі сауда орталықтарына бас сұғып көрді. Онда 1 киллограмм қиярдың бағасы – 895, ал қызанақ 945 теңгеге бағаланған. Ал, қала орталығындағы  супермаркетте қияр құны 1000 теңгеден басталса, қызанақтың ең арзаны – мың теңге, ең қымбаты екі мыңға дейін барады. Демек, баға түспек түгілі, керісінше қымбаттаған.  

– Қазір бағаның бәрі халық үшін тиімсіз. Мен өзім ауылдамын, ол жақта да қияр, қызанақтың бағасы шарықтап тұр.

– Бұл – монополия! Бәрі бір-бірімен ауыз жаласқан. Сондықтан да жазда 150 теңгеден сатылған қияр қазір 1500 теңгеге дейін қымбаттады. Бәрі өзара келісіп алған.

– Негізі бұл қалыпты құбылыс. Сатушы да өз шығынын жабу керек қой, - дейді тілшілермен сөйлескен Астана тұрғындары.

Айта кетейік, екі күн бұрын Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Руслан Дәленовтің сауда орындарындағы бағаны үнемі бақылауын дұрыс деп бағалаған еді. Ол министрге Астанада отыра бермей, аймақтарды аралап, ондағы көкөніс пен азық-түліктің құнын нақтылауын да ұсынды.

Теги: хлеб