Еліміз болашақта Қытайға көмір экспорттауы мүмкін

29.09.2023 01:31

Елімізге Қытайдан келетін тауардың 80 пайызы Ляньюньган қаласында іріктеледі

Almaty.tv

Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы Орталық Азияға ғана емес, Еуропаға да экономика жағынан оң әсерін тигізуде. Оған биыл тура 10 жыл толған «Бір белдеу – бір жол» жобасы дәлел, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қытайдағы Сучжоу қаласында 10 миллионнан астам халқы тұрады. Дәл осы алып шаһарда туристік және қалалық автобустар құрастырылады. Жылына өндірістен 25 мыңдай үлкен-кіші көп орынды көлік шығады. Дерекке сүйенсек, мұнда жасалған автомобильдер әлемнің 130 елінде, соның ішінде Қазақстанға да сатылады екен.

– Компания Қазақстанмен 2007 жылдан бері байланыста. Осы аралықта елдегі тұтынушыларға 800-ден астам автобус саттық. Біздің зауыттан туристік және қоғамдық автобустар шығарылады. Қазір ұзындығы 18 метр көлік құрастырып жатырмыз. Келесі жылы дәл осы автобустар Астана қаласына жолаушы тасиды деген жоспар бар, – деді компанияның сыртқы сауда бойынша бас директоры Гари Янг.  

Елімізге Қытайдан келетін тауардың 80 пайызы Ляньюньган қаласында іріктеледі. Логистикалық терминал 2014 жылы ашылған. Аз уақытта теңіз бен өзен-көл, порттар мен халықаралық пойыз жолдарындағы байланыстың дамуына айтарлықтай септігі тиген. Бүгінде мұнда Орта Азия, Еуропа мен Ресей арқылы өтетін 6 бағыт бар. 100-ден астам халықаралық жүк тасымалдау стансасын қамтиды екен.

– Қазақ-қытай көлік-логистикалық терминалы – «Бір белдеу - бір жол» жобасының ең бірінші бастамасы. Орта Азияға күніне осы жерден 2 құрам аттанады. Көбіне электр жабдықтар, түрлі техникалар экспортталады. Ал Орта Азиядан Қытайға бидай, қорғасын мен темір қорытпалары, тыңайтқыштар импортталады, – деді Қазақстан-Қытай көлік-логистикалық терминалының бас директоры Цзуо Сюэмэй.

Экономикалық нәтижелі серіктестіктің тағы бір айғағы – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының логистикалық алаңы. Оның негізгі функциясы «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысты аймақтарды қамту.

Айта кетсек, ынтымақтастықты арттыруға Қазақстан да ниетті. Еліміз болашақта Қытайға көмір экспорттауы мүмкін.

Оразай Нұртайұлы, Дияс Махамбетов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы, ҚХР

Оқи отырыңыз: ҚР Президентінің Германияға ресми сапары басталды