Жаппай азық-түлік сатып алудың қажеті жоқ - Бақыт Сұлтанов

14.03.2020 в 02:15

Өйткені негізгі азық-түлікке ішкі сұраныстың 80 пайызын өзіміз жауып отырмыз

Қазақстандықтарға жаппай азық-түлік сатып алудың қажеттілігі жоқ. Бүгін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халықты сабырға шақырды. Үрейге бой алдырып, дүкендерде дүрбелең жасауға болмайды деді ол. Өйткені елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Тұрақтандыру қорында қажетті әлеуметтік маңызы бар тағамдар жеткілікті. Коронавирусқа қарсы қабылданып жатқан шаралардың арқасында мемлекетімізде карантиннің ұзақ уақыт болмайтынын да айтты. Азық-түлік бағасы да көтерілмейтініне сөз берді. Облыстарда жедел штаб құрылған. Олар күнделікті тауарлардың бағасына мониторинг жүргізіп отырады.

«Қазақстанда азық-түліктің жоғары деңгейі байқалады. Импорт көлемі басым тауар - тауық пен қант. Алайда бұл тауарлар көршілес Ресейде көптеп өндіріліп жатыр. Ішкі нарыққа бұл тауарларды жеткізу жағынан ешқандай проблема жоқ. Бүгінде ішкі нарықта ешқандай тауар тапшылығы жоқ. WhatApp-тағы және басқа әлеуметтік желіде тарап жатқан суреттер бойынша айтарым, дүрбелеңге еш себеп жоқ», - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Дегенмен Бақыт Сұлтанов тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге төмендеп кеткенін де жасырмады. Бұл жағдай Ресеймен тапшы тауарлар алмасуға мүмкіндік беріп отыр. Ал, Ауыл шаруашылығы министрі ұн, күріш, макарон, картоп, ет жетіспеушілігі мәселесі туындамайтынын айты. Өйткені негізгі азық-түлікке ішкі сұраныстың 80 пайызын өзіміз жауып отырмыз, деді ол. Әлеуметтік маңызы бар  азық-түлік қоры 5-6 айға артығымен жетеді деп мәлімдеді.  

«Бүгінгі ақпарат бойынша елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры  1,2 миллион тоннадан астам. Бұл елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге 5-6 айға толығымен жетеді. Қазіргі таңда өнімдер күнде өндіріліп жатыр. Мысалы, ұн, қант, ет, сүт өнімдері. Өндіріс тоқтап жатқан жоқ», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан ОМАРОВ.