Қазақстанда қанша қазба байлық қалып отыр? Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов пайдалы кеннің болжамды көлемін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алтынның болжамды қоры - 2,3 мың тонна, мыс - 33 миллион тонна, полиметал - 35,6 миллион тонна, қалайы, вольфрам сияқты сирек металдың 500 мың тоннасы қалып отыр», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар ЖАРКЕШОВ.
Вице-министр елімізде жаңа кен орындарын ашудың жоғары әлеуеті байқалатынын алға тартты. Бұл, әсіресе, Жезқазған, Сәтбаев, Зыряновск және Риддер сияқты моноқалалардың жанынан деп жеткізді ол. Бұдан бөлек, брифингте Қазақстанда қазір 76 миллиард тонна көмір бары мәлім болды.
«Бүгінгі таңда расталған қор көлемі 4,4 миллиард тоннаны құрап отыр. Демек бүгінге дейін Қашаған, Тенгиз, Қарашығанақ және өзге де кен орындарын санасақ, біз тек айсбергтің үстін ғана көріп отырмыз. Қазақстанның әлеуеті әлі толықтай ашылмады деп айтуға толықтай негіз бар», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар ЖАРКЕШОВ.