5 жыл бұрын бөлінген 1,8 миллиард теңге «ҚазАгро» есепшотында игерілмей жатқан

11.06.2020 01:49

2019 жылы бюджеттің 428 миллиард теңгесі тиімсіз игерілген

Фотоколлаж ©Tengrinews.kz

2019 жылы бюджеттің 428 миллиард теңгесі тиімсіз игерілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл 2018 жылмен салыстырғанда үш есеге көп. Мұндай мәліметті Мәжілістің пленарлық отырысында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова жария етті. Алқалы жиында бюджеттік кодекске өзгертулер енгізілетіні де мәлім болды. Бұл нендей жаңашылдықтар? Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ауыл шаруашылығы министрі мен қызметкерлерін неліктен сынады?

Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова биыл депутаттардың ұсынысымен мемлекеттік инвестициялардың экономикалық тиімділігі талданғанын атап өтті. Дамудың бюджеті ғана емес, негізгі шығындар, субсидиялау мен кредиттеу де жан-жақты қаралған екен. Ал Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджеттік кодекске күрделі өзгертулер енгізілетінін жеткізді.  

«Бюджеттік кодекске түзетулер енгізудің арнайы жобасын жетілдірдік. Жуық арада Парламенттің қарауына өтпек. Қазір алдымен, лимиттер анықталады. Бұдан соң мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары бекітілуде. Бұл тәжірибені өзгертпекпіз. Бастапқыда басымдығы мен болжамды нәтижесән анықтап, бұл мақсаттарға қажетті қаражатты бөлуді көздейміз», – деді  ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов

5 жыл бұрын бөлінген қаржы неліктен кәдеге жаратылмай, бюджетке қайтарылды? Депутат Сергей Звольский ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа дәл осындай сауал жолдады. Оның айтуынша, үш жобаға бөлінген 1,8 миллиард теңге айналымға енгізілмей, «ҚазАгро» есепшотында бос жатқан.    

«Бірнеше жыл қатарынан бұл мәселені көтердік. 2016 жылы сол кездегі министр Мырзахметов үш жоба мақұлданды, іске асырылуға сақадай сай деп сендірген болатын. Бір жылдан соң басқа министр, атап айтсам Шөкеев «біз қазір ережелерін қарастырамыз немесе қаржының мақсатты бағытын өзгертеміз» деп еді. Ал екі апта бұрын қаражат республикалық бюджетке қайтарылғанын білдім. Агроөндірістік кешенді дамытуға жұмсалуы тиіс қаржының бос жатқанына қазір кім жауап береді?» – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сергей Звольский.

Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қаражат екі жобаны іске асыруға бөлінгенін айтты. Алайда техникалық ақаулар мен нормативтік-құқықтық актілері болмағандықтан, игерілмеді деп ақталды.

«Жобаларды жүзеге асыру үшін венгр жағы мен «Қазагро»-ның қаржысы жұмсалған. Сондықтан қаражат республикалық бюджетке қайтарылды. Жауапкершілікке келер болсақ, сіз айтқан екі тұлға аталған мәселе бойынша шешім қабылдаған адамдар қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істемейді», – деді  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

«Сіз нағыз шенеунік сияқты жауап бердіңіз, Сапархан Кесікбайұлы. Нормативтік-құқықтық актілері болмаған соң 5 жыл қатып тұрды дей салдыңыз. Бірақ қарапайым халыққа себебін ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері 5 жыл бойы тиісті ережелерді әзірлей алмады деп түсіндіру керек. Ақша бар, жобалар бар, аппарат бар. Ережелер әзірлетуге мәжбүрлей алмайсыз ба сонда?» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс спикері осыны естіген салық төлеушілер «мұндай шенеуніктің қажеті не?» деген заңды сауал қоятынын алға тартты. Сондықтан әр істе мұқияттылық пен жауапкершілік қажет деді.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан