|
19.04.2023 | 21:00
610

Азық-түлік бағасын қалай реттеуге болады - сарапшы пікірі

Бүгін Президент төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтті

 Азық-түлік бағасын қалай реттеуге болады - сарапшы пікірі Almaty.tv

Елімізде қандай да бір тауарға сұраныс артса болды, оның бағасын аспандатып жіберетін кәсіпкерлерге енді тықыр таянды. "Монополистерге қарсы қозғалған істер бойынша сапалы жұмыс атқарылуы тиіс" деді Президент. Бүгін елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы турасында өткен кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы азық-түлік бағасының қымбаттауына, халық жалақысының аздығына қатысты бірнеше өзекті мәселерге тоқталды. Мәселеге қатысты  «Алматы» телеарнасының қонағы  экономист, сарапшы Мақсат Халықтың пікірін білсек.

– Мақсат мырза, еліміздегі инфляция өспеу үшін қандай қадам жасалуы керек?

– Иә, сұрақ өте өзекті. Шындығын айтқанда, өткен жылда инфляция 20 пайызға көтерілді. Азық-түлік инфляциясы 25 пайыздан асып жығылды. Кейбір тауардың бағасы 70-80 пайыз, тіпті 2 есеге дейін қымбаттаған. Бұл халқымыздың төлем қабілетін мүлдем нашарлатып жіберді. Қазір кедейдің қарасы көбейіп келеді. Сондықтанда бұған жіті көңіл бөлінуі керек. Біріншіден, диқандар мен шаруалар азық-түлік дайындайды. Бізде ең негізгі шаруа қожалықтарына көңіл бөлінеді де, алыс шалғайдағы шағын шаруа қожалықтарының жағдайы ешкімді алаңдатпайды. Осыған баса назар аудару керек деп ойлаймын. Тұқым жеткізіп беру, жылыжайлары болса соларды газдандыру, тамшылап суару сынды инфақұрылымды жақсарту ісіне көмек болса, меніңше, шығарып отырған өнімдері әлдеқайда өзіндік құнынан төмен болады. Сол шаруаның өнімін тікелей халыққа жеткізудің тиімді жолын, логистикалық тізбегін ұйымдастыруы шарт. Сол кезде азық-түлік өнімдерінің бағасы әлдеқайда төмен болады.

– «Ай сайынғы жұмсалатын қаржының жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді» деді Президент. Оған себеп - импортқа тәуелдіміз. Сіз қалай ойлайсыз?

Иә, бұл пікірмен белгілі бір дәрежеде келісуге болады. Дейтұрғанмен тек импортқа тәуелділік қана емес, бұл жерде біздің халқымыздың табысының төмендігі де бар. Бұл мәселе мемлекеттік дәрежеде қарастырылуы керек. Халықтың табысын арттыру – қазір күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселелердің бірі. Халық бүкіл тапқан табысын азық-түлікке жұмсап жатыр. Сондықтан қалай мұғалімдердің табысын жыл сайын 25 пайыз өсірді, дәл солай сала қызметкерлерінің де жалақысын өсіру керек.

– Президент «экономиканы монополиядан арылту – басты міндет» деп атап өтті. Ол үшін қандай жұмыстар жасалуы керек?

– Рас, монополия, олигополия деген ұғымдар соңғы күндері ең негізгі нарық заңын бұзып, тұтынушылар үшін бағаны өсіріп тұрған негізгі мәселеге айналды. Нарық неғұрлым монополия, олигополияны шеттетпей, бәсекеге қабілетті нарықты құра алмайды. Бұл мәселе де жіті қадағалануы керек. Әрине, табиғи монополиямен күрес бірнеше жылдан бері жүре береді. Ал одан бөлек, бағалық келісім жасайтындар үшеу-төртеу ғана болса, өзара келісіп, бағаны өсіріп жіберетіні бар. Үкімет осындай кезде арласып, заң бұзылғанын әшкерелеп, оларды елдің алдында жазалауы керек деп есептеймін. Сол кезде өзге де ойыншыларға ескерту ретінде жарияланады.

Үкімет үйінде Президент төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткенін еске салайық.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир